Алғаш рет хоррор жанрында ұялы телефонға түсірілген веб-сериалдың тұсаукесері өтті

Алғаш рет хоррор жанрында ұялы телефонға түсірілген веб-сериалдың тұсаукесері өтті

“Концерт залы” атты сериал бірінші болып “Қазақстан” кинотеатрында көрерменге жол тартты.

Алғашқы қостанайлық “ужастик” мәдениет үйіне жұмысқа орналасқан күзетші Ерланның бастан кешкен қорқынышты оқиғаларын баяндайды. Басты рөлді актер Жұматай Ахметхан сомдады.

Сонымен қатар, ол тек қана актер емес, сериалдың сценарий авторы және режиссері.

“Қазір комедия жанрындағы кинолар өте көп. Хоррор жанрын эксперимент ретінде байқап көргіміз келді. Қорқынышты етіп түсіруге барымызды салдық. 328 production-ның мағынасы Лос-Анджелес қаласында оқыған кезде 328 деген бөлмеде тұрғанмын. Сол жерде жақсы идеялар шықты”, – дейді ол.

Сериал режиссері қазіргі таңда жаңа технологияларды пайдаланып, кішкентай заттың көмегімен үлкен дүниелер жасауға болатынын дәлелдегіміз келді дейді.

“Қазір аудан, ауылдарда төтенше жағдайлар орын алып жатыр. Алдағы уақытта осы мәселені арқау етіп кино түсіруге болады. Сонымен қатар, егін қалай егіледі? оның қиындықтары туралы фильм түсіруді ойлап жүрмін”, – дейді Жұматай Ахметхан.

Веб-сериалда “Бозторғай” телесериалына  түскен актерлерде бой көрсетеді. Өңіріміздің кино саласының дамуына үлес қосып жатқан жас актерларға облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы атынан арнайы сыйлықтар мен ынталандыру алғыс хаттары табысталды.

“Сериалды көріп, ерекше әсер алдым. Біздің өнерді қолға алып, жалғасы болатын осы жастар. Жұматай шет елде алған білімін елге келіп көрсетіп отырғанына қуаныштымыз. Жас актерларды қолдау мақсатымен арнайы келіп отырмыз”, – дейді облыстық халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысы Дамир Қалқаев.

Сериал “Мирас” мәдениет үйінде, екі аптаның ішінде түсірілді. Сондай-ақ, фильмде қазақ және орыс драма театрларының актерлері ойнады.

“Сериалға түсу ешқандай қиындық тудырған жоқ, керісінше бәрімізге қызық болды. Түсірілім кешкі сағат 10-да басталып түңгі 3ке дейін жалғасқан кездер болды. Жұматай шет елге кетпей тұрып маған ужастик түсіргім келеді деп хабарласты. Елге орала салысымен сериал түсіруді бірден бастап кеттік”,-дейді облыстық орыс драма театрының актрисасы Татьяна Захарченко.

Сериал барлығы 5 сериядан тұрады. Әр серияның ұзақтығы 5-6 минутты құрайды. Барлық бөлім өз уақытымен 328 production-ның YouTube арнасына шығып отырады.

“Жас актерлердің аяқ алыстары өте жақсы. Мәселе киноны Алматыда немесе Голливудта түсіру маңызды емес. Бәрі бір адамның қолынан келетін нәрсе. Тек ең бастысы өнерге деген махаббат керек”, – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, І. Омаров атындағы қазақ драма театрының актері Қонысбек Бегайдаров.

Диана БАТЫРБЕК

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу