Александр Мирошниченконы еске алуға арналған халықаралық турнир Қостанайда алтыншы рет өз жалауын көтерді

Александр Мирошниченконы еске алуға арналған халықаралық турнир Қостанайда алтыншы рет өз жалауын көтерді

КСРО-ның үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Сеулде өткен ХХIV Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Александр Мирошниченконы еске алуға арналған ерлер арасындағы халықаралық бокс турнирі алтыншы рет ұйымдастырылды.

Дәстүрлі додаға Қазақстанның барлық облыстарынан келген былғары қолғап шеберлерімен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай спортшылары қатысуға ниет білдірді. Халықаралық турнирдің басты мақсаты – Александр Мирошниченконың есімін ұлықтап, оның отандық және әлемдік боксқа сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау, сондай-ақ жас спортшыларға тәжірибе жинауға мүмкіндік беру.

blank blank

Турнирдің ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру басқармасының басшысы Жәнібек Жұрқабаев спортшыларға сәттілік тіледі.

blank

«Бокс түрінен Александр Мирошниченконы еске алуға арналған бұл халықаралық турнир алтыншы рет өтіп отыр. Оның еңбегін бәріміз білеміз. Александр Мирошниченко ұмытылмас із қалдырды, әлем боксына өз есімін жазып қалдырды. Ол – қаламыздың құрметті азаматы. Сіздерге жақсы әрі тартымды өнер көрсетулеріңізді тілеймін. Мықтылар жеңіске жетсін», – деді Жәнібек Жұрқабаев.

Александр Мирошниченко – кеңестік кезеңдегі қазақ боксының айтулы өкілдерінің бірі. Ол КСРО чемпионы атанып, әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Сондай-ақ 1988 жылы Сеулде өткен ХХIV жазғы Олимпиада ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді. Оның спорттағы жетістіктері Қостанай өңірінің ғана емес, Қазақстан боксының тарихында айрықша орын алады.

Турнир барысында бас төреші Дулат Бөкеев те спортшылар мен көрермендерді жарыстың өтуімен құттықтады. Салтанатты жиында Қостанай облысының белгілі азаматы, халықаралық дәрежедегі төреші Өзбек Қазиннің 70 жылдық мерейтойы да аталып өтті.

blank

Осыған орай Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліптің атынан құттықтау хаты оқылды.

«Құрметті Өзбек Ауанұлы! Сізді Қазақстан бокс федерациясының атынан 70 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіз әлемдік бокста өз сара жолын қалыптастырған, жоғары кәсіпқойлығымен көзге түскен, өз ісіне адал азаматсыз. Отандық бокста төрешілікті жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның әлемдік аренада танылуына өз үлесіңізді қостыңыз. Сіздің еңбекқорлығыңыз, спортқа деген жанашырлығыңыз бен өз кәсібіңізге деген адалдығыңыз көпшілікке үлгі, жас ұрпаққа өнеге. Қазақстан боксының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Сізге және отбасыңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға береке, қуанышқа толы күндер тілейміз. Ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт тілеймін!» – делінген құттықтау хатында.

Өзбек Ауанұлы Қазиннің бокс саласындағы еңбек жолы да елеулі. Ол 1978 жылдан бері былғары қолғап спортымен айналысып келеді. Спортшы ретінде ел чемпионы атанып, Қазақ КСР спартакиадасының жүлдегері болды. Кеңес Одағы кезеңінде өткен түрлі жарыстарда жеңімпаз атанды.

blank blank

2002-2008 жылдар аралығында федерация құрамында төрешілік қызметке ауысып, халықаралық деңгейдегі жарыстарға төрелік етті. Германия, Тайланд және Италия сынды елдерде өткен халықаралық турнирлерде төрешілік жасады. 2012 жылдары төрешілер алқасына төрағалық етті. Еңбегі еленіп, Туризм және спорт министрлігінің медалімен марапатталды.

Мерейтой иесіне Александр Мирошниченконың ұлы Мирон Мирошниченко да ізгі тілегін білдірді.

blank

«Спорт мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге әулетіміз алғыс айтады. Барлық қатысушыларға жарқын жеңістер тілеймін», – деді Мирон Мирошниченко.

Биыл Қостанай боксы үшін тағы бір маңызды дата атап өтілуде. Жітіқара ауданынан шыққан алғашқы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берікбай Жаманқұловтың да спорттағы еңбек жолына 45 жыл толып отыр. Ол Кеңес Одағы тұсында Олимпиада ойындарына қатысып, халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған. Спорттағы көпжылдық тәжірибесін кейін жаттықтырушылық қызметке арнап, жас спортшыларды тәрбиелеуге елеулі үлес қосты.

blank

Берікбай Жаманқұловтың жаттықтырушылық және қоғамдық қызметтегі еңбегі бірнеше мәрте марапатталған. Осы жолы оған Қазақстан бокс федерациясының атынан алғыс хат табысталды. Марапатты облыстық федерация басшысы Руслан Тәжмақин табыс етті.

Александр Мирошниченконы еске алуға арналған халықаралық турнирдің Қостанайда алтыншы рет өткізілуі – даңқты спортшының есімі ел жадында сақталғанының айқын көрінісі. Жарыс спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, Қостанай боксының дәстүрін жалғастыруға, жас буынға өнеге беруге және өңірдегі спорттың беделін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Мұндай халықаралық бәсекелер арқылы Александр Мирошниченконың спорттағы жолы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа насихатталып, Қостанайдың бокс мектебі қалыптастырған дәстүр сабақтастығы жалғаса береді.  Жарыс жылдағы дәстүр бойынша үш күнге созылады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді ұсынған Қостанай бокс мектебі