Айсары ауылында заманауи мәдени-демалыс орталығы ашылды

Айсары ауылында заманауи мәдени-демалыс орталығы ашылды

Айсары ауылында күрделі жаңғыртудан кейін «Шабыт» мәдени-демалыс орталығы өз жұмысын бастады. Аумағы 560 шаршы метр болатын ғимарат 30 жылдан астам уақыт бойы бос тұрған.

Бүгінде ол ауыл тұрғындарының шығармашылығын дамытуға, бас қосып, бос уақытын тиімді өткізуге арналған заманауи кеңістікке айналды.

Жаңғырту жұмыстары барысында ғимараттың ішкі әрлеуі толық аяқталып, кейіннен қасбетіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен шамамен 17 миллион теңге бөлінді.

Бүгінде орталықта спортпен шұғылдануға және шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Мұнда коворкинг аймағы, акт залы, спорт және хореография залдары, сондай-ақ кітапхана жұмыс істейді. Қазірдің өзінде дзюдо секциясы мен домбыра үйірмесі ашылып, ауыл тұрғындарының қызығушылығын тудырып отыр.

blank blank blank blank blank

Айсары ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрғазиннің айтуынша, бұл ғимаратта бұрын совхоздың кеңсесі орналасқан.

 

— Жөндеу жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталды. Жергілікті атқарушы органдардың, шаруа қожалықтарының басшылары мен серіктестіктердің бірлескен қолдауының арқасында ғимараттың шатыры қалпына келтіріліп, қабырғалары нығайтылды, пластик терезелер орнатылды, кәріз жүйесі, су құбыры және электр желілері тартылды. Бұл жұмыстарға демеушілер тарапынан 11 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, ал аудандық бюджеттен ағымдағы жөндеуге шамамен 36 миллион теңге қарастырылды, — деді ол.

 

Жаңа орталықтың ашылуы нәтижесінде шамамен 20 жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында қазандық қызметкерлері, күзетшілер және мәдениет саласының мамандары бар.

Бүгінде «Шабыт» мәдени-демалыс орталығына әртүрлі жастағы 120-дан астам ауыл тұрғыны келеді. Мұнда балалар да, зейнеткерлер де спортпен айналысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, білімін жетілдіріп, бос уақыттарын заманауи әрі жайлы ортада өткізе алады.