Елімізде жаңадан құрылған Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның өңірлік басқармаларының жұмысы бүгінде қоғамның басты назарында. Бала қауіпсіздігі, буллингпен күрес және қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету тетіктері қалай өзгерді? Бұл туралы Қостанай облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айман Ибраева бізге берген сұқбатында кеңінен айтып берді.
– Айман Елеманқызы, өңірде балалардың құқықтарын қорғау департаментінің (басқармасының) жаңадан құрылуының басты мақсаты неде? Бұған дейін атқарылған жұмыстардан қандай айырмашылығы бар?
– Өздеріңіз білесіздер, еліміздің әр өңірінде әрбір баланың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау үшін Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Оның тәртібі мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңымен реттелген. Бұл – өте ертеден пісіп-жетілген шешім. Өйткені бала кез келген мемлекеттің басты құндылығы. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқықтарының кез келген бұзылуына шұғыл әрекет ететін дербес құрылым ауадай қажет болды.
Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева атап өткендей, өкінішке қарай, бізде балалардың құқығы үшін формалды түрде бәрі жауапты, ал іс жүзінде ешкім жауап бермейтін жағдай қалыптас бәріне ортақ көзқарас орын алған еді. Бұл профилактика, дер кезінде әрекет ету және заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша толыққанды жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермеді. Бұрын балаларды қорғау мәселелері білім беру жүйесінің ішінде болып келді. Кей жағдайда мекеме өз беделін сақтап қалу үшін оқиғаның жұртқа жария болуынан қашып, жасырып қалуға тырысатын жағдайлар да туындайтын. Енді бұл басқарма – тәуелсіз құрылым. Егер баланың құқығы бұзылғаны туралы ақпарат түссе, біз оның мектепте, отбасында немесе басқа ұйымда болғанына қарамастан тексеруге міндеттіміз.
Біз полиция, денсаулық сақтау, қорғаншылық органдары, психологтар сияқты барлық қызметтермен тығыз жұмыс істейміз. Біздің міндет – кінәліні іздеу емес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әрбір оқиғаны әділ қарау. Бүгінде басқарма енді ғана жасақталып жатыр, штат толық жиналып біткен жоқ, бірақ өтініштер келіп түсіп жатыр, біз жұмысты бастап кеттік.
– Басқарманың негізгі міндеттері қандай және балалардың құқықтарын қорғау бағытында қай мәселелерге басымдық берілмек?
– Аталған басқарма балалардың негізгі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ерте анықтау, қалпына келтіру шараларын үйлестіретін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі мемлекеттік функцияларды атқаратын жергілікті атқарушы орган. Қиын өмірлік жағдайда тап болған әрбір балаға жеке көзқарас таныту, оның өмір сүру және даму жағдайларын тұрақты бақылау, жұмысымыздың ең маңызды бөлігі. Осыған байланысты басқарма қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңның 7-13-бабының 10-тармағында көрсетілген ерекше құқықтық мәртебе берілген. Яғни, олар балалар болатын білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт ұйымдарына кедергісіз кіру құқығына ие. Бұл ретте қызметкерлердің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (МРП) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, қызметкерлерді көзбен бірден ажырату және тану үшін бірыңғай киім үлгісі бекітілді (ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы).
– Қазіргі таңда өңірде балалар құқығына қатысты қандай мәселелер ең өзекті болып отыр?
– Бүгінгі күні балаларға төнетін қатер түрленіп жатыр, сондықтан біз оларды маңызды немесе маңызды емес деп бөлмейміз. Біз үшін әр баланың өмірінің барлық саласындағы қауіпсіздігі – басымдық. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың ескертуге, балаларды интернет-алаяқтықтан, деструктивті қауымдастықтарға тартылудан және цифрлық ортаның басқа да қатерлерінен қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Біздің жұмыс тек орын алған жағдайға кейіннен реакция жасаумен ғана шектелмейді, ол алдын алуға да негізделген. Білім беру, құқық қорғау, денсаулық сақтау және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын алу іс-шаралары, балалар мен ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, цифрлық сауаттылық пен интернетте қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдылары үйретіледі.
– Балалардың құқықтары бұзылған жағдайда ата-аналар немесе балалардың өзі департаментке қалай жүгіне алады?
– Қазіргі уақытта біз Қостанай қаласы, Гоголь көшесі, 75 мекенжайында орналасқанбыз. Сондай-ақ сайттарымыз бен Instagram, Facebook парақшаларымыз жұмыс істейді. Сұрақ қойып, мәселеңізді жазсаңыз болады, біз назардан тыс қалдырмаймыз. Егер мәселе тікелей біздің құзыретке кірмесе де, біз міндетті түрде әрі қарай не істеу керектігін айтып, тиісті қызметтермен байланыстырамыз. Баланың құқығы бұзылса, қажетті көмектен бас тартылса, қауіпсіздігіне қатысты жанжал туындаса, бұл басқармаға жүгінуге тікелей себеп. Біздің мақсат – отбасына жағдайды түсінуге көмектесу, сүйемелдеу ұйымдастыру және баланың мүддесін қорғау.
– Мектептердегі буллинг және отбасылық қиындықтармен бетпе-бет келген балаларға көмек көрсету механизмі қалай жүзеге асады?
– Егер зорлық-зомбылық немесе қатыгездік фактісі анықталса, балаға басқарма немесе аудандық/қалалық қорғаншылық органдарының қызметкерлері арасынан кейс-менеджер бекітіледі. Ол тәуекел факторлары толық жойылғанға дейін көмек көрсетудің үздіксіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай үйлестіруші болып табылады. Сондай-ақ интернаттық ұйымдарды азайту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі кәсіби қабылдаушы отбасыларды (профессиональные приемные семьи) енгізу бойынша құжаттарды дайындауда. Заңнамаға сәйкес, кәсіби тәрбиешіге айына 70 АЕК, ал отбасына берілген әр баланың күтіміне ай сайын 10 АЕК төленеді. Психологиялық қолдау көрсету үшін жаңа жылдан бастап біздің ведомствоға өңірлік оқу-әдістемелік психологиялық қолдау және тәрбие жұмысы орталығы өтеді. Бұл орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қазірдің өзінде психологиялық сүйемелдеуде. Ал шұғыл байланыс үшін 111 нөмірі жұмыс істейді. Мысалы, жыл басынан бері бұл нөмірге кәмелетке толмағандардан 841 қоңырау мен хабарлама түскен.
– Басқарма басшысы ретінде алдыңызға қойған ең басты мақсатыңыз қандай?
– Алдын ала талдау көрсеткендей, облыста балалардың құқықтарын қорғаудың кейбір көрсеткіштері бойынша оң көрсеткіш бар. Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар, соның ішінде жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар азайып келеді. Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар саны да қысқарды. Дегенмен, шешуді қажет ететін өзекті мәселелер де бар. Біздің мақсат – нақты балалар мен ТЖС-тегі отбасылардың толыққанды базасын құрып, айқын жүйе қалыптастыру.
– Құқығы бұзылған, бірақ қайда барарын білмей жүрген ата-аналар мен балаларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ата-аналардан балаларына көбірек уақыт бөлуді, олармен сөйлесіп, мұқият болуды сұраймын. Ал балаларға айтарым: сәтсіздіктер мен проблемалар туындаған кезде «тұйықталып қалушы болмаңыздар», ата-анаңызға, досыңызға, сынып жетекшіңізге немесе мектеп психологіне айтыңыздар. Егер бұл да қиын болса, сенім телефондары, 111 колл-орталығы мен чат-боттар бар. Мұғалімдерді, көршілерді, туыстар мен дәрігерлерді де бей-жай қалмауға шақырамын. Кейде отбасындағы зорлық-зомбылықтың немесе психологиялық ахуалдың нашарлағанын бірінші болып мұқият ұстаз байқайды. Бала қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ міндет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
