AFM Online 2026: қаржылық қауіпсіздік туралы маңызды дәріс

AFM Online 2026: қаржылық қауіпсіздік туралы маңызды дәріс

Өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтарға сеніп қалған адамдар жинаған қаржысынан айырылып жалған жағдайлар бар. Кейде олар құқық қорғау органының қызметкері, кейде Ұлттық Банктің өкілі болып хабарласып, адамдарды үрейге салады немесе «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға көндіреді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар бүгінде сирек емес. Сондықтан қаржылық алаяқтықпен күрес, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі ерекше өзектілікке ие.

Осындай жағдайдын алдын алу үшін «Заң мен Тәртіп» қағидаты шеңберінде Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «AFM Online 2026» интерактивті дәрісі өтті. Прокуратура, полиция, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері сөз сөйлеп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қаржылық қауіпсіздік, интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл мәселелерін түсіндірді. Кездесуге мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, әскери қызметшілер қатысты.

Қостанай қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры Қастай Әділжан «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл тұжырымдама тұрақты әрі әділетті қоғам құрудың негізі. Заң үстемдігі ең алдымен әр азаматтың өзінен басталуы тиіс. Заң талаптарын сақтау, өзгелердің құқықтарын құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну арқылы ғана сенім мен тәртіпке негізделген орта қалыптасады.

«Ең алдымен, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының мәніне тоқталғым келеді. Бұл тұжырымдама – тұрақты әрі әділетті қоғамның негізі. Аталған қағидаттар еліміздің жаңартылған Конституциясында көрініс тапқан. Айта кету керек, оның басты әрі маңызды қағидасы – тек айналадағы адамдардан тәртіп талап ету емес, ең алдымен әр адамның өзінен бастауы. Яғни, заң талаптарын қатаң сақтау, өзгенің құқықтарын құрметтеу және қоғам алдында адал болу қажет. Дәл осылай жауапкершілік пен өзара сенім мәдениеті қалыптасады. Сондай-ақ әр азамат заңды құрметтеп, ережелерді сақтап, жауапкершілік танытқанда ғана қоғамымыз бен мемлекетіміз нығая түседі. Өйткені заң мен тәртіп қағидаты әрбір адамға қатысты болуы тиіс», – деді ол.

Қазіргі заманда құқық бұзушылықтардың алдын алу және олармен күресу тек мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, әрбір азаматтың да борышы. Балаларға заңға құрметпен қарауды, патриоттық рухты отбасыдан бастап, жастайынан сіңіру қажет.

«Осыған байланысты білім беру ұйымдары жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіп келеді және бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Ал мемлекеттік органдар осы тұжырымдама аясында қандай жұмыстар атқаруда? Ең алдымен, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса назар аударылуда. Бұл кездесу де соның бір дәлелі. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде заңға құрметті қалыптастыруға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың санын азайтуға және азаматтардың құқықтық білімін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Прокуратура қызметкерлері, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, полиция қызметкерлері және басқа да мемлекеттік органдар профилактикалық жұмыстар жүргізіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, жуырда құқықтық марафон өткізілді. Оның «құқықтық» деп аталуының себебі – ең алдымен саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталуында. Сонымен қатар іс-шара барысында құқықтық нормалар да кеңінен түсіндіріліп, түрлі интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Егер біз тұрақты әрі әділетті қоғам құрғымыз келсе, бәрін өзімізден бастауымыз керек деп ойлаймын. Әрқайсымыз заң мен тәртіпті сақтауға үлес қоссақ, қоғамымыздың берік негізі қалыптасады. Сонда ғана елімізде тұрақтылық пен өркендеу болады», – деді Қастай Әділжан.

Келесі болып сөз алған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қостанай қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Асхат Нұрманов азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне тоқталды.

Ол несие алу жауапты шешім екенін атап өтті. Кез келген азамат несие рәсімдемес бұрын өзінің табысы мен шығысын мұқият саралап, ай сайынғы төлемдерді өтеуге мүмкіндігі бар-жоғын есептеуі қажет.

«Несие – тұрғын үй, автокөлік сатып алуға, білім алуға немесе басқа да қажеттіліктерді өтеуге мүмкіндік беретін тиімді қаржылық құрал. Алайда ол тек бүгін ақша алу мүмкіндігі ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпау керек. Несие рәсімдемес бұрын азаматтар өздерінің табысы мен шығысын мұқият саралап, ай сайынғы төлемдерді уақытылы өтеуге мүмкіндігі бар-жоғын бағалауы қажет. Сондай-ақ күтпеген жағдайлар туындаған кезде де қаржылық міндеттемелерін орындау мүмкіндігін ескерген жөн. Несие тек негізгі қарыз сомасынан ғана емес, сыйақы мен комиссиялардан да тұрады. Сондықтан келісімшартқа қол қоймас бұрын оның барлық талаптарын мұқият оқып, қарыздың толық құнын анықтап алу маңызды», – деп атап өтті ол.

Егер қарыз алушы қаржылық қиындықтарға тап болып, төлем мерзімін өткізіп алса, заң оған берешекті реттеу мүмкіндігін береді. Банк қарыздың пайда болғаны туралы 10 күн ішінде хабарлауға міндетті. Ал қарыз алушы 30 күн ішінде банкке жүгініп, несие шарттарын қайта қарауды сұрай алады. Мысалы, пайыздық мөлшерлемені төмендету, төлемді азайту немесе төлем мерзімін кейінге қалдыру жөнінде өтініш беруге болады.

blank

«Банк өтінішті 15 күн ішінде қарап, шешім қабылдауы тиіс. Егер тараптар келісімге келе алмаса, азамат банктік омбудсманға жүгінуге құқылы. Омбудсманның шешімі банк үшін міндетті. Банктік омбудсман – қарыз алушы мен банк арасындағы дауды сотқа жеткізбей шешуге көмектесетін тәуелсіз маман. Сонымен қатар қаржылық алаяқтықтың алдын алу мақсатында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді ірі көлемдегі онлайн несиелер бойынша «салқындату кезеңі» қолданылады. Бұл уақыт аралығында азаматтар өз шешімін қайта қарап, алаяқтардың ықпалына түспеуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1000 АЕК-тен асатын несие рәсімдеу кезінде жұбайының келісімін алу міндеттелді. Егер банк немесе микроқаржы ұйымы бұл талапты орындамаса, мұндай қарыз заңсыз деп танылып, есептен шығарылуы мүмкін», – дейді ол.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қостанай филиалы Экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы Дина Ахметжанова қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы баяндады.

Ол азаматтардың көпшілігі Ұлттық Банктің қызметі туралы толық ақпаратқа ие емес екенін атап өтті. Ұлттық Банк халыққа қызмет көрсетпейді және несие бермейді. Оның негізгі міндеті – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржылық қауіпсіздікті нығайту. Баяндамашының айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуы қаржылық қызметтерді қолжетімді еткенімен, алаяқтық тәуекелдерін де арттырды. Осыған байланысты 2024 жылы Ұлттық Банктің базасында Антифрод-орталық құрылды. Бұл жүйе қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары, төлем ұйымдары және байланыс операторлары арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Оның негізгі мақсаты – алаяқтық белгілері бар операцияларды дер кезінде анықтап, азаматтардың қаражатын қорғау.

Дина Ахметжанова келтірген мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Антифрод-орталықта алаяқтық белгілері бар 80 мыңнан астам оқиға тіркелген. Сонымен қатар есірткі саудасы, заңсыз ойын бизнесі және қаржы пирамидаларына қатысты 20 мыңға жуық дерек анықталған.

Жүйенің тиімді жұмысының нәтижесінде 2,8 миллиард теңге бұғатталып, алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарға 500 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Спикердің айтуынша, алдағы уақытта Антифрод-орталықтың мүмкіндіктері одан әрі кеңейтіледі. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы күмәнді операцияларды ерте анықтау және алаяқтық қауіптерін болжау көзделіп отыр.

Сонымен қатар ол азаматтарды сақ болуға шақырып, Ұлттық Банк қызметкерлері ешқашан телефон немесе бейнебайланыс арқылы хабарласып, ақша аударуды талап етпейтінін ескертті.

blank

«Егер сізге өзін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласса, ешқандай жеке мәліметтерді бермеңіз және ақша аудармаңыз. Қандай да бір сұрақ туындаса, Ұлттық Банктің 1477 байланыс орталығына хабарласуға болады», – деді Дина Ахметжанова.

Кездесу соңында қатысушыларға қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары тағы бір мәрте еске салынды. Мамандар асығыс шешім қабылдамауға, бөгде адамдарға кодтар мен құпия ақпараттарды бермеуге және «қауіпсіз шоттарға» ақша аудармауға кеңес берді.

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ