Әуликөл жеріндегі қос жаңа нысан: Құрбан Айт қарсаңындағы тарту

Әуликөл жеріндегі қос жаңа нысан: Құрбан Айт қарсаңындағы тарту

Әулиекөл ауданында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Аманқарағай және Новонежен ауылдарында балабақша мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімдері өтті.

Аманқарағай ауылында 145 орындық жаңа «Айналайын» балабақшасы өз есігін ашты.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірімізде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің желісі кеңейіп келеді. Жаңа балабақша – осы бағыттағы маңызды қадам, – деді облыс әкімі.

Жобаның құны – 586 млн теңге. Балабақшада 2-ден 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 6 топ жұмыс істейді.

Тәрбие мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мекемеде 15 педагог пен 26 көмекші қызметкер жұмыс істейтін болады.

Салтанатты шарада ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Айнұр Шалқарбайқызы мен ардагер ұстаз, қоғамдық кеңес мүшесі Людмила Войлошникова нысанның лентасын қиып, жаңа нысанды ресми түрде ашты. Қонақтар шашу шашып, ұлттық дәстүрмен қарсы алынды.

Новонежен ауылында да көптен күткен спорт кешені пайдалануға берілді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов спортсүйер қауымды жаңа нысанмен құттықтады.

— Соңғы екі жылда облыста 17 спорт нысаны, оның ішінде 10 ФОК салынды. Бұл – бұқаралық спортты дамытудағы үлкен жетістік. Новонеженка ауылындағы жаңа кешен күн сайын 48 адамға дейін қабылдай алады, – деді әкім өз сөзінде.

Салтанатты рәсімде лентаны ауылдың спорт ардагері Рафкат Мухтаров пен тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Валерий Гладенко спорт кешенінің лентасын қиды.

Жаңа спорт кешенінің құрылысына 873 млн теңге жұмсалған. Жалпы аумағы – 1,6 мың шаршы метр. Мұнда футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және шахмат үйірмелері жұмыс істейтін болады.

 Мерекелік ән-шашумен қатар, ұлттық тағамдар ұсынылып, қонақтар үшін экскурсия ұйымдастырылды.
Бұл жобалар – ел болашағына салынған инвестиция. Білім мен спорт саласын дамыту арқылы жас ұрпаққа сапалы білім мен салауатты өмір салтын ұстануға зор мүмкіндік беріп отыр.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев