Әулиекөлдік студенттер шеберліктерін шыңдады

Әулиекөлдік студенттер шеберліктерін шыңдады

Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінде “Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисті” мамандығы бойынша студенттер мен шеберлер арасында кәсіби байқау өтті. Оған аудандардағы ауыл шаруашылығы саласынан кәсіби білім беретін оқу орындарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері  жиналды.

Байқау барысында тәлімгерлер техинаканы қалай игергенін байқатып, шаруашылық механизмдерін сарапшылардың көз алдында орындап шықты. Ашық алаңқайда жер жыртып, өз беттерінше тұқым себу үлгілерімен бөлісті.

– Біздің студенттер конкурстық сынақтардың барлық кезеңдерінде өз шеберліктерін лайықты деңгейде көрсетті. Ауылдағы жұмыс пен өмірді насихаттауға бағытталған осындай сапалы іс-шаралар мүмкіндігінше көп болуы керек. Ол үшін кәсіби шеберлік байқауын кеңейту қажет, – дейді сараптама комиссиясының төрағасы Виктор Титаренко.

Колледж директоры А.Жансүгірованың айтуынша, қазіргі күні заман талабына сай кәсіби-техникалық мамандықтарды игерген жастарға сұраныс та жоғары. Жас түлектердің шеберлік мектебіне айналған аталмыш білім ордасын тәмамдағандардың тоқсан пайызы жұмыссыз қалмайтын көрінеді. Себебі, колледж басшылығы  аудандағы әлеуметтік сала орындарымен, іргелі серіктестіктермен, шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып, сол бойынша студенттер тәжірибеден өтеді. Ал, оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы байланыссыз мамандарды даярлау мүмкін еместігін колледж басшылығы жақсы біледі.

– Білім ошағының материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жабдықталған, әр мамандыққа арналған әрі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бес зертхана мен бір шеберхана, арнайы пән кабинеттері жұмыс істейді. Колледждің өндірістік оқытуға арналған өз ауылшаруашылық техникалары да бар. Жаттығуға ыңғайлы оқу полигонында оқушылардың осы техникалармен жаттығып, дайындалуына да мүмкіндік жасалған. Ал, бүгінгідей шеберлік пен ептілікті шыңдаған байқаудың біздің тәлімгерлерге де берері мол, себебі осындай байқаулар арқылы болашақ маманның кәсіптік даярлығының сапасы анықталады, – дейді А.Жансүгірова.

Сонымен, Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Данил Филюшин байқау жеңімпазы атанды. Ал, Қарасу ауыл шаруашылығы колледжінің тәлімгері Артур Кузнецов екінші, Кәмшат Дөненбаева атындағы кәсіптік-техникалық колледжі мен Федоров ауыл шаруашылығы колледжінің шәкірттері А.Мелюх пен Максим Маличенко үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздарға Кәсіпкерлер палатасы Әулиекөл филиалының директоры Е.Мұстафин дипломдар мен естелік сертификаттарын табыс етті.

 

Қ.Маратқызы.

Әулиекөл ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу