Арқалықта 2000 түп ағаш көшеті отырғызылды

Арқалықта 2000 түп ағаш көшеті отырғызылды

Арқалық жұртшылығы республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала көшелер мен скверлеріне, орталық демалыс саябақтарына бір мезетте 2000 түп ағаш көшетін отырғызды.

Қаланы жаппай абаттандыру жұмыстарына мекемелер мен ұжымдар, жоғары және кәсіптік оқу орындарының студенттері, қала жастары белсене ат салысты.

Қала әкімі Әмірхан Асанов өзі бас болып, қала әкімінің орынбасарлары, кәсіпорын басшылары түгелдей дерлік игілікті істің басы-қасынан көрінді.

Естай Тұрманұлы:

Арқалық қаласының №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты:

– Қазақстан Республикасында өткізіліп жатқан көгалдандыру науқанында қаламыздың «Жастар саябағында» МӨСБ жеке құрамы 50 шыбық егіп, еліміздің көркеюіне үлесімізді қосып жатырмыз.

Данияр Қуанышұлы,

Жастар ресурстық орталығының директоры:

– Біз жастар қашанда елдік істердің басынан табылуға тырысамыз. Халқымызда «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді», – деген қанатты сөз бар. Сондықтан, ертеңгі болашақты ойлап, бүгінгі іргелі ісімізді қолға алып жатырмыз. Қаладағы жаппай ағаш егу жұмыстарына АЖЭК, «Іскер – Арқалық», қалалық төтенше жағдайлары бөлімі, мемлекеттік кірістер бөлімі, сондай-ақ өңірлік аурухана ұжымдары да тыңғылықты еңбектерін көрсетті.

Бақыткүл Қайырбекова,

Арқалық өңірлік ауруханасының жандандыру бөлімінің медициналық қызметкері:

– «Таза Қазақстан» акциясына апта сайын үлесімізді қосып жатырмыз. Ауруханамыздың маңайын тазартып, тазалық жұмыстарына аса ден қойып келеміз. «Тазалық – денсаулық кепілі»,-деген. Ағаштарды ақтап, жас көшеттерді егіп, жолымыздың бәрінің таза болуын қадағалап, науқанға өзіндік зор үлесімізді қосу үстіндеміз.

Көше көріктеніп, саябақтарда жасыл-желек көбейеді. Атқарылып жатқан ауқымды істерге ел ақсақалдары да дән риза.

Сәбит Ибраев,

Қала тұрғыны, зейнеткер:

–Жастарға алғысымызды айтамыз. Бүгінгі егіп жатқан жас шыбықтар жайқалып өссін. Бір адамдай жұмылып, жұмыс істеп жатыр. Жастар бақытты болсын. Саябағымыз көркейіп, ел игілігін көре берсін.

 

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу