Әулиекөлде жарты жылдық қорытынды шығарылды

Әулиекөлде жарты жылдық қорытынды шығарылды

Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында 2026 жылдың алғашқы алты айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын жариялап, алдағы жоспарларға тоқталды.

Биылғы жартыжылдықта аудан экономикасында оң динамика сақталды. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,3 млрд теңгені, өңдеу өнеркәсібі 4 млрд теңгені, құрылыс жұмыстары 5,3 млрд теңгені құрады. Экономикаға 3,8 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.

Ауыл шаруашылығы саласында егіс алқаптары ұлғайып, көктемгі дала жұмыстары толық орындалды. Сонымен қатар Жосалы ауылы маңында құны 5,4 млрд теңге болатын 1000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасының құрылысы жалғасуда. Жоба іске қосылғанда 43 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында биыл жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде жылына 85 мың текше метр ағаш өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы басталды.

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқынды. Көшелерді жөндеу, абаттандыру, газ және ауыз су желілерін дамыту, интернет сапасын арттыру, көше жарықтандыруын кеңейту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Білім мен денсаулық сақтау салаларында мектептер күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Медициналық мекемелерге жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, ауылдық денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жоспарланған.

Аудан спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, мәдениет саласының өнерпаздары да республикалық байқауларда бас жүлделерге ие болды.

Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін жоспарланған жобаларды толық іске асыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту – ауданның басты міндеті болып қала береді.