Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев: Жартыжылдық қорытынды оң нәтижелерді көрсетті

Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев: Жартыжылдық қорытынды оң нәтижелерді көрсетті

Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатында 2026 жылдың алғашқы алты айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырып, жыл соңына дейінгі басым міндеттерге тоқталды.

Әкімнің айтуынша, есепті кезеңде аудан экономикасында тұрақты өсім сақталды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,3%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,7 млрд теңгені құрады, оның басым бөлігі жеке инвестициялар.

Биыл аудан бойынша 233 мың гектардан астам алқапқа дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдар егілді. Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер тіркеліп, сүт өндірісі 24,4%-ға артты.

Өнеркәсіп саласында минералды ұнтақ өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылып, асфальт-бетон зауытының құрылысы аяқталу сатысына жетті. Сонымен қатар суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары аясында тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу, байланыс және интернет сапасын жақсарту, газдандыру жобалары кезең-кезеңімен іске асуда. Бүгінде аудан халқының 92 пайызы табиғи газбен қамтылған.

Әлеуметтік салада білім беру мен денсаулық сақтау нысандары жаңартылып, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жұмыспен қамту шаралары нәтижесінде жүздеген тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарының қатысуымен мыңдаған көшет отырғызылып, саябақтар абаттандырылып, заңсыз қоқыс орындары жойылды.

Руслан Қатпаевтың айтуынша, екінші жартыжылдықта өнеркәсіп өндірісін ұлғайту, егін жинау науқанын сапалы өткізу, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын уақытылы аяқтау негізгі басымдықтардың қатарында болады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА