Биыл Қостанай қаласында машина жасау өндірісі алға басты. Жылдың алғашқы алты айында жергілікті кәсіпорындар 44 332 көлік шығарған. Шаһар экономикасының бірінші жартысының қорытынды нәтижесі дүйсенбілік аппарат кеңесінде айтылды.
Облыс орталығында жеңіл көлік шығару көлемі былтырғы нәтижеден 13,5 % -ке өскен. Комбайн шығару 2,8 есе, трактор өндірісі 25,5%-ке ұлғайды. Бір ғана «KIA Qazaqstan» зауыты 9772 көлік шығарып, өндіріс қуатын арттырды. Сондай-ақ көлік үлгілерінің қатарын кеңейтуге басымдық беруде. 2026 жылдың бірінші жартысында Сауист, Soueast, BAIC және MG сияқты үш жаңа брендті нарыққа шығарды.
Қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Наталья Тұрлыбекованың айтуынша, кондитерлік өнімдер, ұн, макарон, сүт өнімдерін өндіру көлемі де ұлғайған. Металлургия саласында 500 мың тоннадан астам арматура өндірілді. Аталған көрсеткіш былтырғы межеден 6%-ке артық.
«Өнеркәсіп орындарының болашағына зор сеніп артылып отыр. Сондықтан қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне қуатты кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатуды ұсынамыз. Әріптестік негізінде өнім шығару деңгейінің төмендеуіне жол бермей, туындаған мәселені уақытында шешуге назар аударған жөн», – деді баяндамашы.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асқан уақытта қалада 61 жоба қолға алынды. Жалпы көлемі 868 млрд теңге инвестиция тартылып, 9 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Ал биыл 8 жобаны іске қосып, 800 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
2026 жылы жалпы құны 38,9 миллиард теңгені құрайтын сегіз жобаны іске асыру және 800-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Индустрияландыру картасы аясында құны 1,4 миллиард теңге болатын бір инвестициялық жобаны жүзеге асыру жалғасуда. Ол 2026 жылдың желтоқсан айында іске қосылады. Биыл аталмыш картадан тыс жеті жоба қолға алынбақ. Соның үшеуі жылдың алғашқы жартысында ресми түрде ашылды. Қалған төртеуінің құрылысы жыл соңына дейін мәреге жетпек.
Бірінші жартыжылдық қорытындысында қала экономикасына 132 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Соның дені жекеменшік бизнестен түскен капитал. Мемлекет қазынасына -133,9 млрд теңге, соның ішінде қалалы бюджетке 52,1 млрд теңге түскен. Жоспар 95,9 %-ке орындалыпты. Корпоративтік табыс салығы мен жеке тұлғалардың табыс салығы бойынша түсімдердің жетіспеушілігі байқалды. Оның себебі салық заңнамасына енгізілген өзгерістер болуы мүмкін. Жалпы қаланың 2026 жылға арналған бюджеті 151,7 млрд теңгені құрайды.
«Жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты жыл соңына қарай жергілікті бюджеттің кіріс көлемінде аздаған жетіспеушілік туындауы ғажап емес. Жыл басында қала әкімі «Салық базасын кеңейту және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын» бекітті. Жауапты тұлғалар белгіленген шаралардың жүзеге асуын назарға алса кіріс түсімдерінің жоспарын толық орындауға жол ашылады. 2026 жылдың екінші жартысында бюджет шығыстарын оңтайландыру жоспарланып отыр», – деді экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Василий Васильев
