2026 жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) тапсырысы бойынша жүргізілген қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, ел Президентіне деген сенім деңгейі 86,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты жоғары деңгейде сақталып, елді жаңғырту мен жаңарту бағытына қоғамның берік қолдауын көрсетеді.
Ең жоғары сенім деңгейі жастар арасында тіркелді – 91,4%. Бұл динамика сенім сипатының сапалық айырмашылығын көрсетеді. Жас буын мемлекет ұсынатын білім гранттары, бағдарламалар, цифрлық қызметтер және өзге де қолдау шараларының мүмкіндіктерін жиі пайдаланады. Сонымен қатар жастар елдің белсенді даму кезеңінде қалыптасқандықтан, бұл олардың Президентке деген сенім деңгейіне әсер етпей қоймады.
Президентке деген жоғары сенім деңгейі қала тұрғындары (86,9%) мен ауыл халқы (86,7%) арасында да байқалады. Сонымен қатар сенім табиғаты әртүрлі. Ауыл тұрғындары мемлекетпен инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар мен төлемдер арқылы тікелей өзара әрекеттессе, қалалықтардың сенімі жүйелі өзгерістерді қабылдаумен байланысты неғұрлым жанама сипатқа ие.
Ерлер де, әйелдер де Президентке жоғары деңгейде сенім білдіреді. Сонымен қатар әйелдер арасындағы сенім деңгейі ерлер көрсеткішінен 3,8 пайыздық тармаққа жоғары.
Білім деңгейі тұрғысынан жүргізілген талдау Президентке деген сенім деңгейінде айтарлықтай айырмашылықтардың жоқ екенін көрсетті. Респонденттердің білім деңгейіне қарамастан, көрсеткіш тұрақты түрде жоғары болып қалуда.
Зерттеу деректеріне сәйкес, азаматтардың сатып алу қабілеті артқан сайын Президентке деген сенім деңгейі де өседі. Бұл экономикалық жағдайға берілетін оң бағалау мен Мемлекет басшысының мемлекеттік бағытын қолдау арасында байланыс бар екенін көрсетеді.
Осылайша, алынған деректер Президентке деген сенімнің тұрақты сипатқа ие екенін және оның білім деңгейіне тәуелді емес екенін, қала мен ауыл арасында айтарлықтай өзгермейтінін әрі барлық жас топтарында сақталатынын көрсетеді. Бұл елді дамыту саясатына жүйелі қолдаудың бар екенін растайды.
- Әлеуметтік сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан азаматтар қатысты.
