Назарбаев Университетінде экологиялық тұрақтылықты ілгерілетуге арналған бірегей бастама болып табылатын Sustainability Living Lab (SLL) бағдарламасына арналған Медиа-тур өтті.
Назарбаев Университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және басқа да отандық университеттердің студенттері пластик пен шыныны қайта өңдеу, гидропоникалық қондырғылар, электр қуатын тұтынуды бақылау және басқа да бағыттар бойынша өздерінің экожобаларын журналистер назарына ұсынды.
Бұл жобалардың барлығы SLL бағдарламасы аясында жасалған. SLL – бүкіл Қазақстан бойынша студенттерге университет кампустарында экологиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарлама. Ол жастардың теориялық білімдерін нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беріп, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. SLL бағдарламасын «Шеврон» компаниясының қолдауымен Назарбаев Университетінің Тұрақты даму офисі мен “National Conservation Initiative” корпоративтік қоры бірлесіп жүзеге асырады.
Sustainability Living Lab бағдарламасы алғаш рет 2019 жылы Назарбаев Университетінде университет қауымдастығының жасыл бастамаларын қолдау мақсатында іске қосылды. Келесі екі жылда бағдарламаға Қарағанды университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Солтүстік Қазақстан университеті және Ақтөбе өңірлік университеті қосылды. 2023 жылы SLL бағдарламасы 12 қазақстандық университетті қамтып, оларда 70-тен астам жасыл жобалар сәтті жүзеге асырылды. Бұл жобалар қоғамдастықтың тұрақты дамуға деген көзқарасын өзгертуге жағдай жасайды.
Осылайша, SLL бағдарламасы аясында Алматы энергетика және байланыс университетінде студенттер кампустың энергия тиімділігін арттыру үшін смарт үй жүйесін және дұрыс сұрыптау үшін балл жинауға мүмкіндік беретін смарт қоқыс жәшіктерін жасап шығарды. Атырау университетінде көкөністерді өсіруге арналған автоматтандырылған гидропоникалық қондырғыны орнатса, ал Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде студенттер пластик қалдықтарынан 3D принтер үшін жіптер шығарып және рационалды ағаш отырғызу үшін мобильді қосымша әзірледі. Шәкәрім университетінде студенттер гаджеттерді қуаттап, бос уақытын өткізе алатын күн панельдері бар беседка жасады.
“SLL бағдарламасы тек экологиялық бастамаларды дамыту алаңы ғана емес, сонымен қатар университет қауымдастығындағы экологиялық сананы өзгерту факторына айналды. Кампусымыздың тұрақты дамуына әсер ететін идеяларды студенттер нақты жобаларға қалай айналдыратынын көреміз”, – деп атап өтті Назарбаев Университеті Президентінің кеңесшісі Қанат Байғарин.
Бағдарлама аясында қатысушылар үшін Boot camp сессиялары да өткізіледі. Олардың барысында студенттер пайдалы дағдылар мен білім алып, кампустарды жасылдандыру бойынша тәжірибе және идеялармен алмасады. SLL Network қазірдің өзінде бүкіл ел бойынша екі жүзден астам қатысушыларды қамтиды және жыл сайын жасыл ойлы жастардың саны өте жылдам өсіп келеді. Сонымен қатар, Sustainability Living Lab бағдарламасы аясында тұрақты даму тақырыбына арналған офлайн және онлайн семинарлар және Youtube платформасында жобалардың орындалу барысын егжей-тегжейлі сипаттайтын білім беретін бейнелер қарастырылды.
«SLL бағдарламасы кампустардың экологиялық көрсеткіштерін жақсартып, тұрақты даму мәселелері бойынша хабардарлықты арттырып қана қоймайды, оның маңыздылығы «жасыл кампусты» қалыптастырып, студенттердің бастамаларын біріктіруде», – деп атап өтті SLL бағдарламасының қатысушысы, «Green Society» студенттік қоғамдастығының президенті Аружан Қапарова.
Медиа турға қатысушылар университет аумағында SLL бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар қызықты жобалармен танысуға мүмкіндік алды.