Әйелдерді алдау оңай ма?

Әйелдерді алдау оңай ма?

Қостанайда киберқылмысқа тосқауыл қою жұмыстары толассыз жүруде. Алаяқтар болса күн сайын әдісін өзгертіп, ғаламтор арқылы айласын асырып әлек. Өткен 11  айдың өзінде дәл осындай 953 факті тіркелген. Нәтижесінде қылмыс көрсеткіші 30,4 %-ке өсіпті.

Желіде желіккендердің амал-айласы туралы қалалық полиция басқармасының басшысы Болат Иманов дүйсенбілік аппарат кеңесінде баяндады. Полиция полковнигінің сөзінше, интернет алаяқтық салдарынан азаматтарға келтірілген шығын көлемі 2 млрд 179 млн теңгеге дейін жеткен. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, биылғы шығын сомасы 2 есе көп. Бір қызығы, Қостанайда интернет алаяқтарына көбінесе әйел азаматтар көбірек алданатын көрінеді.

«Көп жағдайда әйел адамдар интернет алаяқтарының арбауына түсіп қалады. Мысалға, 556 әйел мен 397 ер киберқылмыскерлердің «құрбаны» болған. Интернет алаяқтығы салдарынан орташа есеппен, ай сайын 200 млн теңгеге жуық залал тиюде.  Ең көп шығын шілдеде – 253 миллион теңге, маусымда – 244 миллион теңге, қарашада – 238 миллион теңге тіркелді», – деді Болат Иманов.

Полиция басқармасының басшысы кең тараған алаяқтық схемасына да тоқталды. Соның бірі — қылмыскерлер көбінесе полицей, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері, зейнетақы жинақтаушы қорының мамандары, ҰҚК мен басқа да құзырлы органдардың атын жамылып, адамдардың сеніміне кіріп алуды әдетке айналдырған.

Одан кейін жалған іс-әрекетін жалғастырып, адамдардан СМС-код пен банк карталарының деректерін ешқандай қиындықсыз алады. Жиған-терген қаражатын алаяқтың уысына өз еркімен салып беруге дейін  итермелейді. Жиі кездесетін келесі тәсіл – фишинг-хабарламалар.

Бұл жерде алаяқтар жеткізу қызметі, коммуналдық ұйымдар, басқарушы компаниялар немесе банктердің атын жамылып, адамдарға СМС немесе электронды хаттар жолдайды.

Күмәнді сілтемені басқан сәтте-ақ қолыңыздағы бардан айырылдым дей беріңіз. Интернет алаяқтары мессенджерлерді белсенді қолданады. WhatsApp және Telegram қосымшаларында басшылардың атынан жалған аккаунттар ашып, әріптестерінен тез арада ақша жіберуін сұрайды. Осылайша, сан түрлі тәсілді қолданып, қалайда айласын іске асырады. Одан қорғанудың жалғыз жолы – сақ жүріңіз демекпіз.

«Банк және мемлекеттік орган қызметкерлері телефон арқылы ешқашан СМС-коды мен банк мәліметтерін сұрамайды. Кез-келген онлайн әңгіме кезінде азғантай күмән туындаса «102» қызметіне хабарласыңыз. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында сатып алулар мен жеткізу қызметі жанданады. Сондықтан, әр басқан қадамыңызды ойланып, әрбір іс-әрекетіңізді жүйелеп отырыңыздар», – деді  полиция полковнигі.

Қымбат ДОСЖАНОВА