Республика күні – бірлік пен жасампаздық нышаны

Республика күні – бірлік пен жасампаздық нышаны

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика күніне орай өткен отырыста мемлекеттік мерекенің мән-маңызы туралы сөз сөйледі. Сүбелі баяндамасында еліміздің тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктері, мемлекет іргесін бекіту, тұғырын биіктету жолындағы міндеттер мен болашақ даму бағыттары кеңінен қамтылды.

Республика күні – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, егемендігі мен тәуелсіздігін айқындайтын маңызды ұлттық мереке. Бұл күн еліміздің тарихындағы ерекше кезеңді білдіріп қана қоймай, әрбір азаматқа Отан алдындағы жауапкершілігін сезінуге серпін береді.

Президент баяндамасында Әділетті Қазақстанды қалыптастыру, заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, білім мен ғылымды дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар адам капиталын дамыту, жас ұрпақты отаншылдыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа және жауапкершілікке тәрбиелеудің маңыздылығы атап өтілді.

Еңбек адамдарына құрмет көрсету мәселесінің көтерілуі де ерекше мәнге ие. Еліміздің өркендеуіне ақадал қызметімен үлес қосып жүрген азаматтарды бағалау – қоғамдағы еңбек құндылығын арттырудың маңызды жолы. Әрбір маман өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігін жетілдіріп, ортақ іске үлес қосуы қажет.

Сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, цифрлық технологиялар мен инновацияларды кеңінен енгізу мәселелері қазіргі қоғам үшін аса өзекті. Себебі білімді, бәсекеге қабілетті және отаншыл ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының негізі.

Президенттің «Заң мен Тәртіп», қоғамдық келісім және өзара сыйластық қағидаттарына басымдық беруі әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Елдің тұрақты дамуы мен береке-бірлігін сақтау – баршамызға ортақ міндет.

Жалпы, Мемлекет басшысының мереке қарсаңындағы отырыста сөйлеген сөзі еліміздің өткен жолын бағамдап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындауға бағытталған маңызды үндеу десек, артық айтпағанымыз. Әрбір азамат өз саласында адал еңбек етіп, ұлттық құндылықтарды құрметтеп, ел бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік нақты іспен, жауапкершілікпен және жасампаз еңбекпен көрініс табуы қажет.

Лайым еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын! Қазақстанымыз өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты арта берсін!

Жандос Жүсіпбек