Сіздерді еліміздің қастерлі мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – мемлекеттігіміздің бастауы, елдік мұратымыз бен тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауымызды айқындайтын айтулы мереке. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның дербес республика ретінде қалыптасуына жол ашты. Бұл күн халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын, ел болуға деген берік сенімін айшықтайды.
Биыл еліміз саяси жаңғырудың маңызды кезеңіне қадам басты. 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз жаңа Конституцияны қабылдауды қолдап, мемлекет дамуының алдағы бағытын айқындауға қатысты. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Ата Заң ел өміріндегі елеулі өзгерістердің құқықтық негізін қалады. Саяси өзгерістерге сәйкес жаңа өкілді орган – Құрылтай жұмысын бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашылық еткен реформалардың түпкі мақсаты – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту. Бұл өзгерістердің нәтижесі әр адамның күнделікті өмірінен көрінуі үшін бәріміз бір мақсатқа, елдік мүддеге қалтқысыз қызмет етуге дайын болуымыз керек. Заң үстемдігі, жауапкершілік, әділдік пен қоғамдық келісім – ел болашағын айқындайтын басты құндылықтар.
Мемлекетіміздің қуаты – бірлігінде, ал табысты дамуы әр азаматтың еңбегі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан елдегі өзгерістерге бейжай қарамай, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуіміз маңызды. Әрбір азаматтың бастамасы мен адал еңбегі Қазақстанның өркендеуіне қосылған үлес деп білемін.
Қостанай облысы да еліміздің дамуына лайықты үлес қосып келеді. Өңірімізде өндіріс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы дамып, жолдар мен әлеуметтік нысандар жаңарып жатыр. Ауыл-аймақтың әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, жастарға мүмкіндік беру – алдағы уақытта да басты назарымызда болады. Біз Ел Президенті айқындаған міндеттерді жүзеге асыру жолында жерлестерімізбен бірге еңбек ете береміз.
Тобыл-Торғай өңірі – Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды ұлт тұлғаларының ізі қалған қасиетті мекен. Осындай тарихи мұраға ие болу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өткеннің өнегесін бағалап, бүгінгі мүмкіндікті тиімді пайдаланып, келер ұрпаққа іргесі берік, болашағы жарқын ел қалдыру – бәрімізге ортақ міндет.
Қадірлі жерлестер!
Республика күні әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, Қазақстанымыздың абыройы асқақтай берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, бақ-береке тілеймін!
Республика күні құтты болсын!
