Қостанайдың футболдан “Тобыл” командасы финляндиялық “Хонкамен” УЕФА лига конференция ойындарының алғашқы іріктеу кезеңіндегі жауапты кездесуін өткізді. Ойын қостанайлық команданың басымдығымен өрбіді. Допқа иелік ету жағынан да, тура соққы жағынан да алда болды. Роман Асранкулов пен Милан Вукадиновичтің қапталы(оң қаптал) белсенді шабуылдарға мүмкіндік жасады. Әсіресе, Ислам Чесноковтың қақпаға жасалған тура соққыларына дәлдік жетіспеді. Кездесудің екінші бөлігінде де сол жағдай қайталанды. Алаң иелері жиі тәртіп бұза бастады. Тек ойынның соңғы он-он бес минуттарында допқа иелік етіп, қарсы шабуылдарға иек артуға көшті. Қонақтардан Серікжан Мужиков пен алаң иелерінен Роман Ерёменко сары кағаздармен жазаланды. Осылайша жауапты ойында есеп ашылған жоқ. “Тобыл” өз алаңындағы басымдықты сақтап, УЕФА конференция лигасының келесі кезіңіне өтті. Сары-жасылдардың келесі қарсыласы Швейцария елінің “Базель” командасы.