Азия Пара ойындары: Қазақстан қоржынына төрт алтын медаль түсті!

Азия Пара ойындары: Қазақстан қоржынына төрт алтын медаль түсті!

Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы төрт алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Отандастарымыз пара дзюдо, велоспорт және жеңіл атлетика жарыстарында жоғары нәтиже көрсетті.

Пара дзюдодан Ақтолқын Сейілбекова J1 санатында 70 келіден жоғары салмақта өткен төрт кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ Зарина Раифова J2 санатында осы салмақ дәрежесінде төрт қарсыласын да жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Велоспорттан Наиль Ермуханбет B санатында 20 шақырымдық жекелей уақытқа жарыста 34 минут 09,17 секунд нәтижесімен топ жарды. Бұл сайыста Кирилл Илюкевич 35 минут 26,64 секунд көрсеткішімен күміс медальға қол жеткізді.

Әйелдер арасында Анастасия Калаус B санатында 15 шақырымдық жекелей уақытқа жарысты 32 минут 21,54 секундта аяқтап, алтын медаль жеңіп алды.

Жеңіл атлетикадан Ислам Сәлімов T13 санатында ұзындыққа секіруден 6,30 метр нәтижемен күміс жүлдегер атанды.

Садақ атудан Қазақстан құрамасы да жүлдегерлер қатарына қосылды. W1 санатындағы жұптық сайыста Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым финалға дейін жетіп, Қытай құрамасына жол берді. Нәтижесінде отандастарымыз күміс медаль иеленді.

Ал Махамбет Серікқалиев F53 санатында ядро серпуден 6,81 метр нәтижені тіркеп, қола медаль жеңіп алды.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынындағы медаль саны 31-ге жетті. Оның ішінде 9 алтын, 10 күміс және 12 қола медаль бар.