Жүйрік ой, ұшқыр зерде: Қостанай жастары додада

Жүйрік ой, ұшқыр зерде: Қостанай жастары додада

Қостанайда жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған «AQYL CUP» зияткерлік ойындар лигасы өтіп жатыр.

Бүгін өңірдің жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында жарыстың екінші іріктеу кезеңі жалғасын тапты.

Сайыс Қостанай қаласындағы Смарт-орталықтың үлкен оқу залында ұйымдастырылуда. Зияткерлік ойынға қатысушылар командалық форматта бақ сынап, өздерінің эрудициясын, логикалық ойлауын, зейінділігін және командада жұмыс істей білу қабілеттерін көрсетуде. «AQYL CUP» жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретін зияткерлік алаңға айналып отыр. Ойын барысында қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, білімдері мен ойлау қабілеттерін ортаға салуда.
Лига төрт кезеңнен тұрады.

Бірінші іріктеу ойыны 13 сәуірде өтті. Қазіргі уақытта екінші кезең өтіп жатыр. Үшінші іріктеу ойыны қазан айында, ал финал қараша айында ұйымдастырылады.

Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша үздік командалар финалға жолдама алып, жүлделі орындар мен ақшалай сыйлықтар үшін бақ сынайды. Лиганың жалпы жүлде қоры 300 мың теңге.
Қостанай облыстық филиалы «Әділет» партиясы жастардың білімін жетілдіруге, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған бастамалардың маңыздылығын атап өтеді. Осындай жобалар жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

blank blank blank
«AQYL CUP» зияткерлік ойындар лигасы «Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Қостанай облысы бойынша «Жастар Рухы» Қоры» корпоративтік қорының «Тәуелсіздік ұрпақтары: жастар бастамаларын іске асыру платформасы» жобасы аясында ұйымдастырылуда.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – «Әділет» партиясының баспасөз қызметі