Тобыл қаласы түбінен күн санап бой түзеп келе жатқан егіз аудан – қазірден-ақ көп отбасының құтты қонысы. «Астана» мен «Бәйтеректің» алғашқы тұрғындары өмірін жаңаша жалғап жатыр. Асыл тілектерін ақтаған болашақтың шаһарына деген алғыстары зор. Ал шағын ауданның әр бұрышында құрылыс сәтке де аялдамай, ерекше екпінмен жалғасу үстінде…
Салтанат Құрмашқызы – бес баланың анасы. Қостанай ауданында үй кезегіне тіркелгеніне алты жыл болған. Алайда ауданға қарасты Мәскеу ауылында әлдеқайда көп уақыт өмір сүріп келді. Бертін келе, жұмыс-тұрмыс жағдайына байланысты отбасымен Қостанайға көшіп, пәтер жалдап күн кешті. Көп балалы ана қазір үйді жалғыз асырап отыр. Себебі, өкінішке қарай, былтыр ғана жұбайы ауыр науқастан көз жұмды. Тағдыр сынағына төтеп беріп, балаларының болашағы үшін барлық ауыртпалықты қайыспай көтеріп келеді.
«Өзім «СарыарқаАвтопром» зауытында еден жуушы болып жұмыс істеймін. Екі күн таңнан кешке дейін үйде болмаймын. Балаларым үлкені кішісіне қарасып, әупірімдеп күнелтіп жүрдік. Кейін Тобыл қаласы іргесінен бой көтерген шағын ауданнан үй алуға болатынын естідім. Азын-аулақ жиған-тергеніміз, марқұм жұбайымның зейнетақы қорынан алынған шамалы қаражатымыз бар еді. Соны осыған бағыттап, өтінім беріп көріп едік, шүкір-тәуба, үмітіміз ақталды. «Жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, көптен күткен тілегіміз, көкейдегі арманымыз орындалып отыр. Ерекше қуанып, еңсеміз бір көтеріліп қалды», – дейді Салтанат Құрмашқызы.
Арманындағы баспана қамкөңіл анаға Бәйтерек шағын ауданынан бұйырыпты. Заманауи үлгіде салынған үй кім-кімнің де көзін тойдырарлық. Салтанат тәтеміздің еншісіне тиген үш бөлмелі пәтер кірсе шыққысыз-ақ екен. Сәні мен әріне сын жоқ. Жасалымы ерекше, бөлмелері даңғарадай кең. Етегінен төбесіне дейін шыныланған 12 метрлік балконына асүйден де, төргі бөлмеден де кіріп-шығуға болады. Ал жиһаз бен жабдықтың орны біртіндеп бүтінделе берер. Бастысы, пәтердің ай сайынғы төлемі қалтаға ауыр салмақ емес.
«Айына 113 мың төлеймін. Санаулы жылдан кейін ақы тіптен төмендей түспек. Ипотека мерзімі – 16 жыл. Соншалық көп емес. Одан да ұзақ уақытқа алған адамдар қаншама. Бұрын бөлмелері қуықтай ескі үйге әлдеқайда көп шығындалып келдік қой. Оның қасында су жаңа, кең, жайлы пәтерге төлейтін құн әлдеқайда ап-арзан. Тез дамып келе жатқан көрікті ауданның алғашқы тұрғындары санатына кіргеніміздің өзі бір ғанибет. Бұрын мүмкін еместей көрінген, ойламақ түгіл түсімізге де кірмеген керемет үйіміз енді тек игілік-жақсылықтың ғана ұясы болады деп сенеміз. Қолдау көрсетіп, қолымызды ұзартқан азаматтардың барлығына алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді толқынысын жасыра алмаған ана.
Ал Салтанат ханымға жақын орналасқан, жолдың арғы бетіндегі №10 үйдің тұрғыны Валентина Бутырина да алғашқы лекпен баспаналы болыпты. Ол – мүгедектігі бар баланы бағып отырған ана. 2014 жылы, баласына алғаш диагноз қойылған кезде амалсыз жұмысынан шыққан. Сол жылы үй кезегіне де тіркелген көрінеді. Бірақ 12 жыл кезекте тұрып, сонша уақытты қам-қарекетсіз өткізгенін бекерлік санап отыр.
«Ерекше баланың анасы ретінде пәтерге өтінім беруге батпадық. Өйткені көп жыл жұмыс істемедім, тұрақты табысым болмады, үйде отырып баланы қарадым. Жалпы үш баланың анасымын. Кезегім келер деп үміттеніп, болмағанда жалдамалы пәтерге ілігермін деп ойладым. Сөйтіп әжептәуір уақыт өтті. Бір күні банк қызметкерлері бертінгі жұмыс орныма келіп кеңес бергенде ықыласым оянды. Нақты осы ауданнан үй алсам ғой деп арман еттім. Биыл 1 маусымда өтінім беріп едім, мақұлдады. Бекер күдіктеніппін. Қазір үйге кірген сайын «мынау шынымен менікі ме?» деп өз көзіме өзім сенбеймін. Бақытымның шет-шегі жоқ!» – дейді Валентина Бутырина.
Ол үш бөлмелі пәтерді мүгедектігі бар баланы бағушы отбасы санатымен, «Концепция» бағдарламасы бойынша 2% мөлшерлемемен иеленді. 16 жылдың алғашқы бөлігінде ғана 113 мың теңгеден төлейді. Салтанат ханымдікімен бірдей шарт қой. Валентина басқа адамдарға да кезекті босқа күтпей, тырмысуға, ізденуге, босқа күдіктенбей өтінім жолдауға кеңес беріп отыр. 
Жалпы, «Астана» мен «Бәйтеректің» қазығы қағылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда сән түзеген зәулім баспаналар қазірдің өзінде аз емес. Тек олардың әрқайсысы әлі де тұрғындармен толығу үстінде. Зәулім үйлердің қатпар-қатпар төсін сан қилы тағдыр мекендеп жатыр. Бірақ оларды бір-ақ ұқсастық біріктіреді: орындалған арман, ақталған үміт, көл-көсір қуаныш…
Айта кетейік, осы күнге дейін он үйдің құрылысы аяқталып, 450 пәтердің кілті иесін тапқан-ды. Биыл «Астана» шағын ауданында бес қабатты 13 үй халық игілігіне беріледі. Онымен қоса, тоғыз қабатты он тұрғын үй жапсарлас салынып жатыр. Жалпы, мұндағы құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі келесі жылы аяқталуға тиіс. Жоспар бойынша, осы кезеңде 45 баспана пайдалануға берілмек.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Василий Васильев
