Қостанайда жүректен шыққан ерекше туындылар бір көрмеде тоғысты. «Өнер — өмір тынысы» облыстық инклюзивті көрмесі арнайы әлеуметтік қызмет алушыларының шығармашылық әлемін көпшілікке таныстырып, өнердің адамға қанат бітіретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған көрме – ерекше жандардың шығармашылық мүмкіндігін паш еткен тағылымды жоба. Экспозицияға облыстағы он медициналық-әлеуметтік мекеменің қызмет алушылары, тәрбиеленушілері мен шеберлері атсалысып, өз қолынан шыққан еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.

Көрме залында көз тартар талай дүние бар. Алмазды мозаикадан жасалған отты тұлпар, страздармен көмкерілген силуэттік графика, кескіндемелік диптихтер, кілем-паннолар, оймышталған ағаш сандықтар, шаңырақ пен домбыра бейнеленген ұлттық инсталляциялар және Абай Құнанбайұлының портреті – әрқайсысы өзіндік бояуы мен мазмұны арқылы көрерменді баурайды. Бұл туындылардың құндылығы тек көркемдігінде емес. Әр жұмыстың астарында автордың жан дүниесі, сезімі мен өмірге деген көзқарасы жатыр. Бір шығарма балалық шақтың қуанышын бейнелесе, енді бірі туған жерге деген сүйіспеншілікті жеткізеді. Ал ұлттық нақыштағы еңбектерден халқымыздың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарына деген құрмет анық байқалады.
Шығармашылық – автор үшін жай ғана әуестік емес. Ол өз ойын, сезімін өзгеге жеткізудің, қоғаммен еркін араласудың, қабілетін танытудың маңызды құралы. Сондықтан мұндай көрмелердің әлеуметтік мәні де айрықша.
Көрменің салтанатты ашылуында жобаға үлес қосқан әлеуметтік қызметкерлерге, тәлімгерлерге, демеушілерге және қызмет алушылардың отбасыларына алғыс айтылды. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов өз сөзінде әр адамның бойындағы талантты танып, оны дамытуға мүмкіндік берудің маңыздылығына тоқталды.

«Әр адамның бойында ашылмаған талант пен үлкен шығармашылық мүмкіндік бар. Сол қабілетті байқап, қолдау көрсетіп, дамытуға жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі көрмеде ұсынылған әрбір туынды – автордың еңбегі мен ішкі жан дүниесінің көрінісі», – деді Құралбек Атамұратов.
Көрменің маңыздылығын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақова да атап өтті.

«Бұл – алғаш рет өтіп отырған осындай ауқымды жоба, байқау. Біз оны өз күшімізбен ұйымдастырдық. Мәдениет басқармасының қолдауымен бүгін бір мезгілде, осы аптада өз шығармашылығымызды, сондай-ақ қамқорлығымыздағы жандардың еңбектерін қала және облыс тұрғындарына көрсетуге мүмкіндік алып отырмыз. Әр адам келіп, жұмыстарды тамашалап, шығармашылық әлеміне ене алады. Қамқорлығымыздағы жандардың бай ішкі әлеуетін танытуға куә болады», – деді ол.
Қала тұрғындары көрмені тамашалап, ерекше жандардың еңбегімен танысып, олардың шығармашылық әлеуетіне куә бола алады. Ең бастысы, бұл жоба қоғамға бір қарапайым ақиқатты еске салады: адамның мүмкіндігін емес, мүмкіндігінің шегін емес, оның бойындағы талантын көру маңызды.
Бота МАНЕТ
