Арқалықтың балғын спортшылары футзалдан жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Өткен жылы республикалық жарыста жүлделі екінші орынды қанжығалады.
Қала әкімінің төрағалығымен өткен пресс-конференцияда жаңадан құрылған «Арқалық» футзал клубы ресми түрде таныстырылып, клубтың алдағы мақсат-міндеттері, құрамы мен даму жоспары туралы ақпарат берілді.
Арқалық қаласының спорт саласындағы маңызды оқиға – бұл тек жаңа команданың құрылуы емес, бұл Арқалық футболының жаңа кезеңі, жергілікті жас спортшыларға мүмкіндік және қала тұрғындары үшін жаңа футзал мәдениетін қалыптастыруға бағытталған үлкен қадам екендігі айтылды.
Іс-шара барысында Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, «Арқалық» футзал клубының басшысы Абай Мұқанов, «Арқалық» футзал клубының директоры Иманбек Айтқазин, команданың бас бапкері Бекет Парух, команда капитаны Нұрмұханбет Қапеновтер құттықтау сөз сөйлеп, сенімдерін білдіріп, үмітті ақтауға күш салатындықтарын жеткізді.




«Арқалық» футзал клубының намысын қорғайтын футболшылар таныстырылды. Спорт саласына саналы ғұмырын арнап, футболдың дамуына өз үлесін қосқан ардагер спортшы Жұмағали Мылтықбай жас буын спортшыларға батасын берді.
Айта кетейік, клуб «Алюминқұрыпысы» ЖШС-нің демеушілігімен жаңа өмірге қадам басты. Клубтың жылдық жұмсалатын қаржысы әзірге 30 млн теңгенің көлемінде.
Осылайша, бүгіннен бастап «Арқалық»футзалклубының жаңа тарихы басталды. Алда алғашқы жаттығулар, алғашқы матч, алғашқы гол және алғашқы жеңістер күтіп тұр. 
Әли Темірбек,
команда мүшесі:
«Клубтың ашылғанына өте зор қуаныштымыз. Кәсіби футзал – бұл жақсы спорт. Бұл жерде тек шыныққан шымыр ойыншылар ғана жүреді. Сондықтан, ертеңгі күні біздің арамыздан да кәсіби мықты спортшылар шығады деп ойлаймын».
Иманбек Айтқазин,
клуб директоры:
«Жерлестерімді бүгінгі тарихи күнмен құттықтаймын. Бұл барлығымызға ортақ клуб. Осы клубтың өркендеуіне, дамуына жұмыс жасаймыз. Қойылған міндеттерді орындауға бар күш-жігерімізді саламыз. Енді көп ұзатпай ойындарымызды бастаймыз. Бірінші лигага 8 команда қатысады. Осы командалардың арасынан жүлделі орын алғандар жоғары лигага жолдама алады».
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
