Ұзынкөлде жарты ғасырдан астам отасқан ерлі-зайыптылар бірге дауыс берді

Ұзынкөлде жарты ғасырдан астам отасқан ерлі-зайыптылар бірге дауыс берді

Өмірдің ыстық-суығын бірге еңсеріп, бір жастықта қартайған ерлі-зайыпты Ербол мен Мануара Нұртазиндер бұл жолы да дәстүрден танбады. 55 жыл бойы қол ұстасып келе жатқан жұп Ұзынкөл ауданындағы №765 сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауын жасады.

Көпшілікке үлгі болған отбасы үшін кез келген саяси науқанға қатысу – отбасылық берік дәстүр. Ерлі-зайыптылар бұл жолғы тарихи сәтті де назардан тыс қалдырмай, елімізде алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауында бірінші болып белсенділік танытты.

«Бұл кісілер тек саяси науқанда емес, өмірде де әрдайым жұбын жазбайды. Бүгін де сайлау учаскесіне бірге келіп, жас буынға үлгі көрсетті», – дейді сайлау комиссиясының мүшелері.

Бүгінде Ербол ақсақал мен Мануара әже – төрт бала тәрбиелеп өсірген өнегелі ата-ана. Олар өсірген перзенттерінің әрқайсысы өз алдына отау құрып, бөлек шаңырақ иелері атанған.
Айта кетейік, ел тарихындағы маңызды қадамдардың бірі саналатын Құрылтай сайлауы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ