Учаскелерде заң бұзушылық тіркелген жоқ — Александр Малашко

Учаскелерде заң бұзушылық тіркелген жоқ — Александр Малашко

Өңірдегі саяси науқанның өту барысы туралы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мәлімет берді.

Комиссия төрағасы журналистерге берген сұхбатында учаскелер жұмысы және сайлаушылар жөнінде нақты деректер келтірді.

«Бүгін таңғы сағат 7.00-ден бастап Қостанай облысының аумағында 716 сайлау учаскесі жұмысты бастады. Онда 4310 комиссия мүшесі қызмет етуде.  Сайлаушылар тізіміне 540 179 сайлаушы енгізілген. Осы сайлауда бірінші рет дауыс  беретін 3980 сайлаушы бар. Сайлау учаскелеріне бірінші келіп дауыс бергендерге және бірінші рет дауыс берушілерге естелік сыйлықтар беріліп жатыр», — деді Александр Малашко.

Ол учаскелердегі есте қалар ерекше жағдайларды да тілге тиек етті. Мәселен, осы жолы біртұтас отбасы болып келіп дауыс беріп жатқан сайлаушылар көп екен. Ұлттық киімдермен науқан сәнін кіргізіп жатқан жандар да баршылық.

«Қостанай қаласындағы №858 сайлау учаскесіне бірнеше үлкен кісі ұлттық киіммен келіп, ән шырқап, өз дауыстарын берді. Қазақы нақышта киінген екі бойжеткен ел аузындағы Қостанай атауының шығу тарихына қатысты аңыз кейіпкерлері — Тана мен Танай бейнесінде көптің көзіне түсті. Жалпы алғанда, халықтың белсенділігі айқын көрініп жатыр», — дейді төраға.

Айта кетері, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне де тиісті жағдайлар жасалған. Әр сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бұрыштар ұйымдастырлып, онда барлық қажетті ақпарат қолжетімді форматта орналастырылыпты.

«Ал сайлау барысын 2 мыңнан астам байқаушы қадағалап жатыр. Оның ішінде  Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдардың, сонымен қатар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың  байқаушылары да сайлау процесін жіті назарда ұстап отыр. Сайлау учаскелерінде заң бұзушылық тіркелген жоқ», — деп түйіндеді Александар Малашко.

Осыған дейін Мемлекет басшысы дауыс беріп, саяси оқиға туралы пікір білдіргенін жазған едік.