Қамысты ауданында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны қызу жүріп жатыр. Таң сәріден бастап аудандағы 18 сайлау учаскесі есігін айқара ашып, тұрғындар өздерінің конституциялық құқығын пайдалану үшін белсенді түрде дауыс беруге келуде.
Бұл жолғы саяси науқан дәстүрлі форматпен шектелген жоқ. Аудан орталығында бой көтерген «Астықты өлке – Қамысты» атты еңселі киіз үй-көрме сайлауға келген тұрғындардың басты назарын аудартты.

Сайлау науқанының басты жаңалығы, аудан орталығында тігілген «Астықты өлке – Қамысты» атты еңселі киіз үй-көрме болды. Шаңырақ астына қадам басқан әрбір тұрғын мен қонақ бір сәтке өткенге саяхат жасағандай күй кешеді. Мұнда атырапты астықты өңірге айналдырған алғашқы тыңгерлердің сирек суреттері, тарихи бұрыштар мен сирек кітаптар қойылған. Әсіресе, аңызға айналған тұлға – Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князевтің өмір жолынан сыр шертетін экспонаттар көпшіліктің ықыласына бөленді.

Саяси науқан мен тарихи шараның басында болған ауыл шаруашылық саласының үздігі халыққа жігерлі сөз арнап, ел таңдауының маңызын дөп басты.

«Барлық Қамысты халқын маңызды атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Құрылтай сайлауы — еліміздің тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан соны оқиға. Азамат ретінде келіп, дауыс беру – әрқайсымыздың міндетіміз. Жастар арасында «неге сайлауға баруым керек?» деген күмән болуы мүмкін. Заман ағымында негативті қай жерден де табуға болады. Бірақ жаңа Құрылтайды таңдап, болашақты бірге құру өз қолымызда!» — деді Еңбек Ері.
Көрменің ең ерекше әрі «дәмді» бөлігі – жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері орналасқан сөрелер болды. Киіз үйдің ішін ыстық нан мен бөлкенің мұрын жарар иісі алып кетті.
«Алтынсарин» ЖШС-нің еңбекқор ұжымы ұсынған сапалы өнімдері мен «Қамысты нан» наубайханасының (ЖК Салыков К. А.) жаңа піскен, қытырлақ нандары келген жұртшылықтың көңілін баурап алды. Қонақтар тек өнім тамашалап қана қоймай, жергілікті аспазшылардың қолынан шыққан тәттілерді сатып алып, мәз-мейрам болысты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
