Бүгін елімізде Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Таңертеңнен бастап өңірдегі бірқатар сайлау учаскелерінде тұрғындардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқаны байқалады.
Қарасу ауданындағы №522 сайлау учаскесіне сайлаушылар таң азаннан ағылуда. Учаскеге келген тұрғындар өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымдарын білдіріп жатыр. Сайлау барысы белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылған.

«Құрылтай сайлауы елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Бұндай тарихи кезеңде еліміздің болашағына үлес қосайық деп учаскеге келіп қалған жайымыз бар. Көршілерім, таныстарым, бәрі осында жүр», – дейді қарасулық тұрғын Салтанат Қанапина.
Алтынсарин ауданындағы №182 сайлау учаскесінде де таңғы уақыттан бастап тұрғындардың белсенділігі байқалады. Сайлаушылардың арасында әр жастағы азаматтар бар. Олар өз таңдауын жасау – елдің болашағына қатысты маңызды шешім екенін айтады.

«Бүгін еліміздің ең маңызды күнінде Алтынсарин ауданының мәслихат депутаты ретінде дауысымды бердім. Еліміздің болашағы жарқын болсын. Әр таңы арайлы, әр жаны бақытты болсын», – дейді Серік Алпысов.
Жалпы, өңірдегі сайлау учаскелерінде дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Тұрғындар өз учаскелеріне келіп, Конституцияда бекітілген азаматтық құқықтарын жүзеге асыруда.
