Рудный қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланып, өнегелі өмірімен, еңбегімен және қоғамға сіңірген үлесімен ерекшеленген отбасылар марапатталды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды мақсат еткен байқау биыл да көпшілікке үлгі болатын жандарды танытты.
Елімізде жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – отбасы институтын нығайтуға, еңбекқорлықты, жауапкершілікті, адамгершілік пен өзара сыйластықты насихаттауға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы да өз Жолдауларында берекелі отбасының елдің тұрақты дамуындағы рөлін үнемі ерекше атап келеді.
Биылғы байқау 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнінен бастау алып, Рудный қаласынан сегіз отбасы қатысты. Олардың қатарында өндіріс саласының мамандары, көпбалалы әулеттер, патронаттық тәрбие беріп жүрген жандар болды. Салтанатты шараға Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко, кәсіпорын басшылары, демеушілер, ардагерлер мен қатысушы отбасылар жиналды. Қала әкімі құттықтау сөзінде отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, еңбек адамдарының өнегелі өмірі кейінгі буынға үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.

– Мерейлі отбасы» – бұл жай ғана байқау емес. Отбасы құндылығын дәріптейтін ерекше жоба. Бүгін біз тек жеңімпаздарды ғана емес, өз өмірімен қоғамға үлгі болып жүрген барлық отбасыларды құрметтеп отырмыз. Отбасы – мемлекетіміздің ең басты құндылығы, ал еңбекқор, ұйымшыл жанұялар – елдің тұрақты дамуының негізі. Сіздердің өмір жолдарыңыз жастарға өнеге болып, ұлттың рухани байлығын арттыра береді деп сенемін. Баршаңызға амандық, береке, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін, – деді Виктор Ионенко.
Осы қатысқан жанұялар өздері туралы түсірген бейнероликтерін ұсынды. Онда олар жанұялары жайында әңгімелеп, отбасы жылуын паш еткен. Бірақ осы бірнеше үміткердің ішінен екі отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Олардың бірі – Әлиевтер отбасы. Отағасы Әділбек Әлиев – қарапайым еңбек адамы. Ол электргаздәнекерлеуші мамандығын таңдағанына отыз жылдан астам уақыт болды. 1993 жылы еңбек жолын бастап, бүгінде «Руда Качары» кәсіпорнында жиырма жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Қарабалық ауданында дүниеге келген ол кейін Рудный қаласына қоныс аударып, өмірін еңбекпен байланыстырған. Тек өндірісте ғана емес, спортта да жетістікке жеткен жан. Футболды жанына серік еткен. Бүгінде жұбайымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көріп отыр.
– Біздің басты күшіміз – ауызбіршілігімізде. Отбасымыздың бір-біріне деген қолдауының арқасында алғаш рет қатысқан байқауда жеңіске жеттік. Бұл – барлығымыздың ортақ қуанышымыз, – дейді отағасы.
Байқауда ерекше ықыласқа бөленген тағы бір әулет – Жигулиндер отбасы болды. Сахнаға бірнеше буын болып көтерілген үлкен әулетті көрген көрермендер ұзақ қол соқты. Отбасыға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат, бағалы сыйлықтар және балалардың демалуына арналған жолдама табысталды. Әулеттің ерекшелігі отанасы Марина Жигулина жүрек жылуын туған балаларымен қоса, тағдырдың сынына ұшыраған өзгенің баласын да бауырына басқан. Марина Жигулина балаларға қолдау көрсету орталығының әлеуметтік педагогі. Күн сайын ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдырын көру оңай емес екені белгілі. Ойлана келе өзі де бала асрап алуға бел буады. Оңай емес екені бесенеден белгілі ғой. Соған қарамастан осындай шешім қабылдайды.
– Мен бұл балалардың қандай ауыр күйде келетінін күнде көретін едім. Үлкен екі балам есейіп кеткен кез еді. Бірнеше балаға отбасы жылуын сыйласам қалай болар екен деп ойландым. Үлкен екі баламмен ақылдаса отырып, бірге шешім қабылдадық. Олар мені толық қолдады, – дейді Марина Николаевна.
Осылайша 2015 жылдан бері он екі баланы қамқорлығына алған. Қазіргі таңда алты бала өз алдына шаңырақ көтеріп кеткен. Бүгінде үлкен әулетте бірнеше немерелері де өсіп келеді. Марина Николаевна әр баланың тағдыры әртүрлі екенін айтады.
– Әрине, әркімнің пешенесінде жазған тағдыры болады. Менің бауырыма басқан балаларымның да қилы өмірі бар. Ол жайлы ашық сөлесемін. Кез келген отбасында қиындық болып жатады. Бала тәрбиесінде әртүрлі тәсіл керек. Біріне мейірім, біріне талап, енді біріне уақыт қажет. Бірақ ең бастысы олардың жүрегіне жол табу, мейірім беру. Үлкен отбасы болған соң, барлық қиындықты бірге еңсереміз, – дейді ол.
Байқауға қатысқан барлық отбасылар мақтауға тұрарлық. Бірінен бірі асып түсердей үлгілі. Рудный әкімдігі барлығына да бірдей арнайы дипломдар тарту етіп, сыйлықтар табысталды. Биыл қатысушыларды әкімдікпен қатар ірі кәсіпорындар мен демеушілер де қолдап, бағалы сыйлықтар ұсынды.


Енді екі отбасы облыстық кезеңде бақ сынайды. Осындай жанұялар барда қоғамның да іргесі берік, ұрпақ тәрбиесі де сенімді болмақ. Өйткені мемлекеттің қуаты – ең алдымен, шаңырақтың беріктігінен басталады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Басилий Васильев
Рудный қаласы
