Ұзынкөл ауданында даму қарқыны сақталуда

Ұзынкөл ауданында даму қарқыны сақталуда

Ұзынкөл ауданында 2026 жылдың алғашқы кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары оң нәтижелерді көрсетті. Бұл туралы аудан әкімі Марат Жұрқабаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Биыл аудан бюджеті 4,1 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері екі жаңа кәсіпорын ашылып, 20 жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестиция көлемі 815 млн теңгеден асып, жыл соңына дейін тағы 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар қосымша 47 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы саласында дәнді және майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайып, шаруаларды мемлекеттік қолдау жалғасуда. Мал шаруашылығында да жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Бірқатар ауылдарда су желілері салынып, жолдарды жөндеуге 824,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, интернет пен ұялы байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жобалар іске асуда.

Әлеуметтік салада білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын жаңғырту жалғасуда. Аудандық аурухананы қайта жаңарту жобасы басталып, мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Спорт инфрақұрылымы кеңейіп, жаңа стадионның жобасы әзірленуде.

Марат Жұрқабаевтың айтуынша, қол жеткізілген нәтижелер – мемлекет қолдауының, кәсіпкерлердің, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің және аудан тұрғындарының бірлескен еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Бота МАНЕТ