Бас жоспар түзетілмек

Бас жоспар түзетілмек

Қостанай қаласының Бас жоспарына ауқымды түзету енгізілетін болды. Қала билігінің мұндай шешімге келуіне не түрткі? Алдағы 15 жылда облыс орталығында қандай өзгеріс орын алмақ? Маңызды құжаттың ендігі бағдарын айқындау жұмысы кімге жүктеліп отыр?

Шаһар басшысы Марат Жүндібаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында осы аталған сан сауалдың жауабы талқыланды.

«Бұл өте маңызды құжат. Сол арқылы қаланың даму бағыты айқындалады. Бизнес өкілдерінің, құрылыс салушылардың, коммуналдық ұйымдардың, тұрғындардың пікірі ескеріледі. Арнайы құрылған жұмыс тобы ұсыныстарды саралайды. Себебі біз Бас құжатқа енгізілетін түзетудің мүлтіксіз болғанын қалаймыз», – деді ол.

Жылдар өте облыс орталығының демографиялық көрсеткіші артып, экономикасы қарқынды дами түсті. Көлік саны көбейіп, көшелерде кептеліс пайда бола бастағанын байқап жүрміз. Жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асып, көп қабатты тұрғын үйлер жаппай салынуда.

blank

Аталған өзгерістерді дер кезінде жүйелеп отырмаса әртүрлі келеңсіздіктер туындауы мүмкін. Құрылыс қарқынын, транспорт бағытын айқындау, бизнесті тиісті инженерлік инфрақұрылыммен қамтатамыз ету, халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру Бас жоспардың ырқында. Ендеше, маңызды құжатқа түзету енгізу уақыт талабынан туындап отыр.

Марат Қонысбайұлының айтуынша, қаланың даму динамикасына сәйкес 2025 жылғы наурызда Бас жоспарды түзету туралы шешім қабылданыпты. Сол жылы әкімдік конкурс жариялап, жобалаушы компанияны анықтаған еді. Алайда, таңдалған компанияның тәжірибесіне күмән туындап, арадағы келісім шарт бұзылды. Ендігі жауапты жұмыс «НИПИ Астанагенплан» ЖШС-на жүктеліпті. Ал «Бас жоспарға түзету енгізу» жобасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 600 млн теңге бөлінген.

Қолданыстағы Бас жоспар 2020 жылы үкімет Қаулысымен бекітілген. Қала әкімі оны іске асыру барысында бірқатар түйткілдер анықталғанын айтты. Болашақ түзетулер олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз.

blank

«Қазір Қостанай қаласының аумағы 28,4 мың гектарды алып жатыр. Халық саны 277 мың адам. Өңірдің дамуына, жаңа экономикалық аймақтардың пайда болуына және инвестициялық ахуалды жақсарту қажетілігінің туындауына орай тиісті жағдайды қайта қарауға тура келді. Құжатты жаңарту арқылы заманауи, ықшамдалған жайлы қала қалыптастырамыз. Қала құрылысы, экология және инфрақұрылым мәселесін кешенді шешуге басымдық береміз», – деп түсіндірді  «НИПИ Астанагенплан» ЖШС бас директорының орынбасары Айдын Өтегенов.

Жобалаушы ұйым ауқымды түзету жобасын «15 минуттық қала» тұжырымдамасына негіздемек. Яғни, қаланың аумағын кеңейтпей сол күйі сақтай отырып, ескірген ғимараттарды сүріп орнына жаңасын салуды құп көреді. Тозығы жеткен нысандарды жаңасына алмастыру арқылы қолданыстағы инженерлік желілерді қайта жаңғыртуға мүмкіндік туады.

Жоба аясында көшелердегі көлік ағынын реттеу, кептелістерді болдырмау ерекше назарға алынбақ. Әсіресе, Алтынсарин және Тәуелсіздік көшесіндегі жолды алты жолаққа дейін кеңейтуді қарастырмақшы.

«Болашақ жобада жаңадан салынған шағын аудандарды қаланың орталығымен байланыстыру мәселесіне ден қоямыз. Қолданыстағы Бас жоспарда Досжанов көшесінің бойында теміржол үстінен өтетін тек бір ғана өткел құрылымын жасау туралы қарастырылыпты. Біз ұсынатын түзету жоспардың осы тұсын нығайтады. Көлік ағынын тиімді реттеу мақсатында тағы екі өткел салуды ұсынамыз», – деді Айдын Өтегенов.

Жобалаушылар айтып отырған өткелдің бірі – Дөненбаева көшесіне салынады. Бұл Уральская көшесіне тіке шығуға мүмкіндік бергелі тұр. Үшіншісі Тәуелсіздік даңғылына салынады. Ол Майлин көшесінен Дөненбаева көшесіне дейінгі аралыққа орналаспақ.

Бас жоспарды түзету жобасы жыл соңына қарай қоғамдық тыңдауда талқыланбақ. Болашақ құжаттың тағдыры сол жерде шешіледі. Егер бәрі ойдағыдай өтсе жаңарған Бас жоспар келесі жылы қабылданып қалуы бек мүмкін.

Қаланың Бас жоспарын түзету «Қостанайдың дамуы үшін маңызды кезең» – деп атады әкім. Бұл өзгеріс экономиканың, бизнестің дамуына, көлік логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге, сондай-ақ тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ