Қостанайда жастарға құқықтық кеңес берілді

Қостанайда жастарға құқықтық кеңес берілді

Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне жастармен жұмыс істейтін мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ конституциялық құқықтар, бостандықтар және оларды қорғау тетіктері жөніндегі білімдерін тереңдетуге бағытталған арнайы семинар ұйымдастырылды.


Онда адам құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудағы мемлекеттік институттардың рөлі жан-жақты қарастырылды. Азаматтардың құқықтарын қорғаудың практикалық тетіктеріне және жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

blank
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Мақсат Шәкірбаев Конституцияның құқықтық мемлекеттің берік негізі екенін, ал әрбір азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін білуі белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып, қоғамның құқықтық мәдениетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Жастарға құқықтық ағарту жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы мен бұл бағыттағы Жастар ресурстық орталықтары мамандарының рөліне ерекше тоқталды.

blank
Семинарға Қостанай облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Zoom платформасы арқылы қосылған облыстың қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысты. Бұл семинарға қатысушылардың кең ауқымын қамтып, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

БОТА МАНЕТ