Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде заманауи технологиялардың рөлі артып келеді. Бүгінде құқық қорғау органдары жолдағы ахуалды бақылаудың жаңа тәсілдерін енгізіп, цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып отыр.
Солардың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттары. Әуеден бақылау жүргізетін дрондар полиция қызметкерлерінің сенімді көмекшісіне айналып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға ықпал етуде.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысын биіктен бақылап, жүргізушілердің Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу деректерін жедел тіркейді. Әсіресе қарсы бағытқа шығу, қауіпті басып озу, белгіленген қозғалыс тәртібін сақтамау сияқты адам өміріне қауіп төндіретін заң бұзушылықтарды анықтауда олардың тиімділігі жоғары.
Дрондардың көмегімен алынған ақпарат полиция жасақтарына жедел жеткізіліп, құқық бұзушыны тоқтату шаралары дер кезінде қабылданады. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін күшейтуге және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге оң әсерін тигізіп отыр.
Бұл әдіс полиция қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, оқиғаларға жедел әрекет етуге де жол ашады. Әсіресе жолдың күрделі учаскелерін, көлік ағыны көп бағыттарды және апат қаупі жоғары аумақтарды бақылауда бұл технологияның мүмкіндігі зор.
Сералы МЫРЗАБАЙ
