«Әділет» партиясы: жаңа өндіріс орындарын ашу – басты басымдық

«Әділет» партиясы: жаңа өндіріс орындарын ашу – басты басымдық

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері мұнай-газ саласын дамыту, инвестиция тарту, геологиялық барлау жұмысын жүргізу және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелерін талқылады.
Партия Төрағасы Айбек Дәдебай атап өткендей, Қазақстанның жаңа инвестициялық кезеңге қадам басуы мұнай-газ саласын дамытуға қатысты тың тәсілдерді талап етеді. Оның айтуынша, бүгінде басымдық тек табиғи ресурстарды өндіруге ғана емес, сонымен қатар технологияларды, адами капиталды және қосылатын құны жоғары өндіріс орындарын дамыту ісіне берілуге тиіс.


«Экономикалық саясат өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, ел ішінде жаңа құндылық қалыптастыруға бағытталуы қажет. Бұл – заманауи өндірістерді дамыту, жаңа технологияларды игеру, қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін нығайту және азаматтарға тың мүмкіндіктер ұсыну», – деді Айбек Дәдебай.

Қатысушылар мұнай сервистік қызметтерін, мұнай-газ машина жасау ісін дамыту, ресурстық базаны кеңейту және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыру барысына да ерекше назар аударды. Партия Төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, бұл бағыттарды дамыту қадамы заманауи индустриялық экономиканы қалыптастыру ісінің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

«Қазақстанның басты байлығы – табиғи ресурстарды тиімді игеріп, оны мемлекет дамуына қажет жаңа мүмкіндіктерге айналдыра алатын адамдар. Егер инженерлерге, кәсіпкерлерге және өндірушілерге қажетті жағдай жасалса, Қазақстан табиғи ресурстарымен ғана емес, өз технологияларымен, өндірісімен және қуатты отандық компанияларымен де танылады», – деді ол.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Талқылау жұмысын қорытындылай келе партия Төрағасы мұндай сарапшылар алаңы мұнай-газ саласын дамытуға қатысты ортақ ұсыныстар әзірлеуге және оны одан әрі дамыту ісінің басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.