КСК шағын ауданы Қайырбеков көшесіндегі 399/ 2 үйдің тұрғындары бірнеше жылдан бері қала әкімдігіне өтініш хат жолдаумен әлек.
Ол үйдің ауласында көліктерге қызмет көрсету орны болған. Бос ғимараттың көзге көпе-көрнеу тұрғаны болмаса, тұрғындарына зияны жоқ-ты. Соңғы екі жылда әлгі жер сағызша созылып, жыры бітпеген құрылыстың мекеніне айналып шыға келді. Құрылысшылардың бұл тірлігі берекені алып, көршілердің жүріп-тұруын әбден қиындатты. Әрине, ол құрылысты тұрғындар тоқтатып тастай алмайды.
“Біздің басында қарсылығымыз болмаған. Құрылыс компаниясы қоғамға пайдалы балаларға арналған мекеме салынып жатқанын ескертті”, – дейді сол үйдің тұрғыны Кайрат Шалтенов.
Келе-келе тұрғындардың кәріз жүйесін осы үй арқылы жүргізуге келесімін алып, жан-жағын қазуға тиісті мекемелерден рұқсат етілгенін алға тартып келеді. “Бізді басынғаны ма?” деп оған да налиды тұрғындар.
“Айналаны шаңға тұншықтырғандарымен қоймай, құрылыстың айналасын түгел қазып тастады. Аулада көлік жүретін, не дені дұрыс қара жол, не дені дұрыс балалар алаңы қалмай бара жатыр. Соны көріп екі жыл бойы әкімдіктің табалдырығын әбден тоздырған жайымыз бар”, – дейді Қайрат.
Жуырда құрылысшылар тағы рұқсатсыз әрекетке барып, құқық қорғау органдарының араласуымен тұрғындар мен мердігерлік компания өзара келісімге келгендей болды. Бұзылған жерді қалпына келтіруге кететін шығын алты жүз мың теңгенің айналасында деп есептелді. Зиян келген орынды құрылысқа жауапты Дияс Бейсенов сол үйдің меншік иелері кооперативінің алдында өз жауапкершілігіне алатыны туралы тұрғындарға арналған қатынас хатында баяндаған.
“Тұрғындардың наразылығы орынды. Бізді де түсініңіздер. Жұмысты сапалы орындау ескі кәріз жүйесін алмастыруды талап етеді. Келтірілген шығын біздің мойнымызда. Бүгінде істің жай-жапсарына арналған нотариалдық куәландырылған құжаттар дайындалып қойылған”, – делінген хатта.
Айбек Ғалымұлы