Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысуға шақыратын хабарландырулар көбейіп кетті. Осыған байланысты облыстық прокуратура ескерту жасады.
Кей хабарламада Қазақстан азаматтарын қақтығысқа шақыру, қасақана арандатушы сөздер және қос тарап азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын көрінеу жалған ақпарат бар.
«Әлеуметтік желі пайдаланушылары ішінде Қазақстан азаматтары да бар, болып жатқан оқиғаларға көпшілік алдында пікір білдіре отырып, ел аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулер жариялап жатыр. Сонымен қатар, біздің облыс аумағында Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысу үшін Ресей аумағына жергілікті тұрғындарды іріктеу фактілері тіркелді. Бұл әрекетке Қазақстан Конституциясымен, біздің ел қатысатын жалпыға бірдей танылған халықаралық құқықтық құжаттармен тыйым салынған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен үндеулерге берілмеуге шақырамыз», – делінген прокуратура хабарламасында.
Ведомство Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысуы, сол сияқты ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қолсұғылмаушылық пен бөлінбеушілікті бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық-жазаланатын іс-әрекет (ҚР ҚК 172, 174, 180-баптары) саналатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын ескертеді.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат тарату үшін, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол әрекеттер үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
«Жоғарыда айтылғандар негізінде, азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жоғарыда аталған кез келген құқық бұзушылықтарды жасаудан бас тартуға, осындай арандатушылық сөздер мен үндеулерге жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз», – дейді прокуратура.