«Қостанай таңы» газеті жариялаған «Ұлылар – ұлттық ұстыны» атты жазба айтыстың алғашқы айналымы аяқталды. Жобаға сөз өнерінде аты шығып жүрген ақындар да, айтысқа бұрын-соңды қатысып көрмеген жастар да қатысуға тілек білдіріпті. Әуелде 18 ақын (9 жұп) өтініш берген еді. Кімдердің тіркелгенін сайтымызда жариялағанбыз. Бірақ кейін оқушы ақындар Нұрислам Рағат пен Таңжарық Ниязбек қатыса алмайтынын хабарлады. Амантоғайлық Еламан Тұрсын да айтысудан бас тартты. Ал оның қарсыласы Злиха Кенжеғозина автоматты түрде келесі кезеңге жолдама алып отыр. Сонымен, бірінші айналымда кім қалай айтысып шықты?
1-жұп: Нұрсаят Ғалымжанұлы мен Амандәулет Манатұлы
Екеуінің де бұрын-соңды айтыстарға, мүшәйраларға қатыспағаны, тәжірибесінің жоқтығы көрініп тұр. Жеті жұптың ішінде өлеңінің көркемдігі, сөзінің қуаты, ақындық әлеуеті жағынан да ең әлсізі осы екі жас болды. Оны өздері де іштей мойындаған шығар.
Айтысты Нұрсаят бастапты. Ағасын «көңілдің төріне шығаратынын» меңзеп, қысқа ғана қайырған. Тақырыпты бір жырлап алатын мүмкіндік еді, «қап-ай» десіп, Амандәулеттің арынын байқайық дедік. Ол да онша ашылмапты. «Көктемнің алғашқы жұлдызында қай ақын өмірге келген?» деп сұрақ қояды. Баяғы оқушылар айтысындағы таптаурын тәсіл. Қарсыласы «аққудың киесімен мағына өрген» (қисынсыз тіркес) Мұқағали туғанын сөз етіп, одан кейін «Әбіш ақын да туылыпты» деп жауап беріпті. Бірақ қай Әбіш ақын туралы айтқанын нақтыламаған екен. Осы кезде біз күткендей-ақ «сұрақ қоюшы» бір жолы бір жолына қабыспайтын шумақтарымен «жауап берушінің» қателескенін бетіне басады. «Шабытың жақсырақтау өктем бе еді» деген сияқты қисынға келмейтін тармақтары бар арасында. «Арзандатып есімін қойған шығар, Серік болып есімі туғасын ба» дейді. Бұл тармақты да анықтап жазу керек еді. Тек әйтеуір осы тұсынан «жұмбағының» шешімі ақын Серік Тұрғынбекұлы екенін әрең-әрең түсіндік. Әрине, ақынның 1 наурызда туғанын білген соң.
Мұқағали Мақатаевтың туған күніне қатысты әртүрлі дерек жазылып жүр. Алайда бұл жолы жауаптың дұрыс-бұрыстығына емес, жырлаушылардың қарым-қабілетіне мән берілді. «Қарым-қабілеті» дейміз-ау, алғашқы жұптан осы қос сөздің алғашқысын байқай алмадық.
2-жұп: Бағила Балмашева мен Бақытжан Әлкебаев
Бағила Балмашева Әсия, Әлпия, Жадыра апаларымыздың ізін басып, өңірдің намысын қорғап жүрген тәжірибелі ақын. Біздің де өнерге алғаш қадам басқан жылдарымызда ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдарымызды түзеген кісі. Ал Бақытжан өзіндік ерекше стилі бар, дарынды өнерпаз. Біраз уақытын басқа салада өткізіп алғаны болмаса, айтыс өнерінде өзіндік ізі қалатындай-ақ ақын. «Ештен – кеш жақсы» деп, соңғы жылдары өткен өңірлік айтыстарға арнайы шақырып, қатыстырып жүрміз.
Бұл жолғы жазба айтыста екі ақын да ел күткен межеден шығып, өрнекті өлең сайысын жасай алды. Шәкірт пен ұстаз, ана мен баланың арасындағы жарасымды айтыс оқырманның көңілінен шықты деп ойлаймыз. Бақытжанның әзіл араластырып айтқан назы мен базынасына Бағила анасындай аялай жауап қатып, ақыл айта отырып, өнер жолындағы қиындыққа мойымау керектігін ескертіп, жігерін жанып, жол көрстетеді. Екі ақын берілген тақырыпты да тілге тиек етіп, жұп-жұмыр айтыс жасап шыққан. Айтыстың алдағы кезеңдеріне өтіп жатса, өнер додасының қызығын қыздырады деп сенеміз.
3-жұп: Әсет Ақылжан мен Нұртілек Әубәкір
Қос ақынның да өлеңдерінде тұшымды жолдар («Есінен шығармайтын ескі өнерін» – Әсет, «Қаламұшы арасында қозғалса, Қалқам, менде Міржақыптың қаны бар» – Нұртілек) өзіндік айтпақ ойлары, дос ретінде қағытып, кемшін тұстарын көрсетем бе деген ұмтылыстары бар. Екеуі бірде бірін-бірі сынап, бірде бірін-бірі қолпаштап, қолдап отырған айтыс болыпты.
Айтыста «рэпер», «сценарист», «вайнер», «блогер», «рилс», «сторис», «пост», «подписчик», «контент», «история», «инста» деген сияқты кірме сөздер қолданылған. Бұл жағдай бояуы қалың, әр сөзінің мағынасы терең қазақ тілінің айтпақ ойды жеткізе алмауынан туындап тұр ма, болмаса жас ақынның осылай айтуды сәнге айналдырып, жаңа бір бағыттағы ізденіс ретінде ұсынып тұр ма, ол жағын біле алмадық…
Жалпы, жастардың бағыт-бағдары, ұстанымдары құптарлық. Ізденіс пен еңбекке жүгінсе, талап пен талантты ұштастыра білсе, тіл көркемдігін, ой тереңдігін ұғынықты жеткізуге ұтымды пайдалана алса, келешекте бұлардың қай-қайсынан да сөз өнерінің құдіретін игерген жақсы ақын шығатынына сенім мол.
Бірақ Әсеттің тәжірибесі, ойын нақты түйіндей білуі оған анық басымдық беріп тұр.
4-жұп: Бейбіт Нұрмұхан мен Нағашыбай Ақылжан
Екі ақын бір-бірінің осал тұсын аңдып, жауаптарын сол бағытта құрған. Дегенмен көркемдік пен поэтика тұрғысынан Нағашыбайдың сөзі салмақтырақ көрінеді. Бейбіттің жауаптарында публицистикалық сарын мен азаматтық үн байқалады.
Нағашыбай қарсыласының бір сұхбаттағы «ақын болу оңай» деген пікірін негізгі нысанаға алып, «Өлең – сөздің патшасы» деген Абай, патшадан асқақ болды қалай кеудең?» деп шумағын әдемі түйіндепті. Одан кейін қарсыласының өлеңге орашолақ екенін сынайды:
«Өлеңді сырт жағынан сараламай,
Ұйқас пенен буынды білсең еді.
Бейбіттің өлеңдерін оқып тұрып,
Ақындық оңай десе кім сенеді?».
Бірақ Бейбіттің бұған берген жауабы жай әңгіме сияқты, онша өтімді шықпаған. «Сұхбатты қайтадан қарап шық» дегенге келтіріп, одан соң қарсыласын Қарабалықтан деп шатастырады. «Сералин Мұхамеджан туған жерден» деп басталатын шумағында ұйқастары тым шалағай. Есесіне Бейбіттің бір артық тұсы – осы күннің тынысын, журналистік көзқарасын жеткізе білуінде. Әсіресе айтыстың соңындағы «Балаларды қорлайтын жандарды ұста, әйелдерді ұратын ездерді ұста, халықты тонап жатқан ұрыны ұста» деген шумақтары әлеуметтік салмағымен ерекшеленеді. Бұл жерде ақын қарсыласының «ұстаймын» деген сөзін ұтымды бұрып әкетіп, қоғамдық мәселеге жалғаған. Бірақ оған басты кедергі сол – ұйқасқа салақтығы. «Өлеңдегі басты күш – ырғақ» демекші, ұйқасы бұзылған жыр ұйқысы бұзылған адам сияқты, түрі онша келіспей тұрады.
Жоғарыдағы сөзімізді қуаттай келе, Нағашыбайдың сөзі поэтикалық тұрғыдан жинақы, бейнелі және дәстүрлі айтыс табиғатына жақынырақ екенін айтқымыз келеді. Сәулелі ой, көркем тіркес жағынан озық шыққаны анық.
5-жұп: Батырлан Сағынтаев пен Нұрқанат Бұқабаев
Батырлан мен Нұрқанаттың айтысы да тартысты болды. Бұл айтыс тақырыппен бірге қоғамдағы түйткілді мәселелерді де қозғап өтеді. Арасында бір-бірін сөзден ұстап, тартысып та көреді. Батырлан да, Нұрқанат та жазба поэзияға қалам тербеп жүргендіктен, екеуінің айтысының көркемдік деңгейі басқа айтыстарға қарағанда бір бас жоғары тұр. Осы межені ұстап тұра алса, бұл екі ақын біразға дейін барады.
Екінші қазының пікірі:
Нұрқанат бірінші кезекте тақырыпқа шолу жасап өтіп, алайда тереңге бара қоймапты. Екіншіде де еркін шаппай, қысқаша қайырған. Өлеңдерінде кейбір жолдары бұлыңғырлау, анықтай түсетін. Дегенмен поэтикалық екпіні, өзіндік сарыны бар. Ал Батырлан сахнада да, жазба айтыста да тұлғалы тіркестерімен танылған ақын. Бірақ, күшін кейінге сақтады ма, бұл айналымды шоқытып қана өткендей.
Иә, басқа қатысушылармен салыстырып қарағанда бұл айтыста көркем шумақтар, тартымды тармақтар бар, сол үшін де жоғары бағаладым.
6-жұп: Ернұр Әуезхан мен Ерназар Есенкелді
Негізі Ернұр бұған дейін айтыстарға қатысып, өлеңдерін жинақ қылып шығарып, өңірге танымал болып қалған ақын. Онысы айтыстың бастамасынан-ақ, ұйқастарының жатықтығынан және жалаң ұйқас қуып кетпей, оны айтар оймен сәтті ұштастыра білгенінен аңғаруға болады. Айтыстың екінші кезегі келгенде:
«Ақтаңгер болу қайда айналайын,
Ақтай алсам сол бақыт ел сенімін», — деп көпшілік алдында өзін-өзі мақтамай, әдептілік пен қарапайымдылықтың әдемі үлгісін көрсетеді. Осыдан кейін Ыбырайдың тек алғашқы мұғалім ғана емес, алғашқы кітапхана негізін қалаушы ретіндегі айтқан ақпарттардың танымдық мәні бар және осы тұстағы өлең жолдары сонашалықты тартымды, түсінікті, сәтті шыққан. Түсінуі қиын, жай ғана ұйқас үшін пайдаланған жолдар да жоқ емес.
«Болашақ ұрпақ үшін мектеп ашып,
Білімін жан емес қой сарқымаған». Осындағы екінші жолдың айтар ойы бұлыңғыр.
Шеберлігі, ұтымды пікірлері, ойлы сауалдары қарсыластың осы деңгейден қалыспауына ықпал жасайтын кездері аз емес екені белгілі. Осы орайда Ернұрдың қарсыласы ысылған, тәжірибелі айтыскер болса, өлеңдерінен соны тіркестер мен тосын теңеулер көптеп табылар ма еді деген ой туындайды.
Ерназардың Ернұрға берген жауабы, жалпы айтысына келсек, мынаны айтуға болады: Ақын өз шамасынша қарсыласының сұрақтарына жауап беріп, өзі атқарып жүрген жұмыстағы кемшін тұстарды сынға алады. Ерназардың сөз додасына енді келіп қосылып, тәжірибе жинақтау үстінде екенін байқадық. Оны сөз саптау мен, сөйлем құрастырудағы сәтті деуге келмейтін тұстардан («Сол мектептің сарқытын ішкендер бар», «Жақсы іс ойлардан ойдан туып»), ой мен тілдің көркемдігінің жетіспей жатқан тұстарынан аңғарамыз.
7-жұп: Серікболсын Әбікен мен Думан Елубай
Серікболсын мен Думанның арасындағы айтыс та сәтті шыққан айтыс деп бағаладым. Серікболсын соңғы кезде әнге әуес болып кеткенімен, айтыстың өз баласы. Оның бойында айтыс ақынына тән қасиеттің бәрі де бар, тек соны жалқаулығы басып кете береді. Серіге тән сыр мен сымбат, домбыра аспабында шебер ойнауы, әншілігі мен әсем дауысы, өлеңіндегі нәзік лирика қазіргі республикалық деңгейде топ жарып жүрген ақындардың басым көпшілігінде жоқ қасиеттер. Ал Думан болса айтысқа жаңа түскен жас ақын, бұл – оның бірінші айтысы. Сондықтан болса керек, інісіне Серікболсын бағыт-бағдар беріп, жетелеп отырды. Екі ақын да тақырыпты терең жырлауға талпынып, оны бүгінгі қоғамдағы мәселелермен ұштастыруға тырысты. Аталған ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау, олардың есімін ардақтау, көше атын беру сияқты мәселелерді орынды көтерді. Айтыста Серікболсынның басымдығы анық байқалғанмен, Думанның да болашағынан зор үміт күтуге болады. Өлеңдеріндегі буын санының асып кетуі немесе жетпей қалуы, кейбір ұйқастарының ақсаңқырап қалуы сияқты кемшіліктер жүре келе тәжірибемен орнына келеді деп ойлаймын.
Жалпы қорытынды және ақындарды жұптау
Ақындардың көбі тақырыпты толғап жырлауға сараңдық танытқан. Сүбелі сөздері мен тосын тіркестерін, тұшымды ойлары мен соны жырларын, тың деректерін келесі айналымға қалдырды-ау деп ойлап отырмыз.
Сондықтан, қарым-қабілеттерін бағалай келе, келесі айналымға 10 ақынды өткіздік. Олардың жұпталуы мынадай:
1. Бағила Балмашева – Нұрқанат Бұқабаев
2. Батырлан Сағынтаев – Злиха Кенжеғозина
3. Нағашыбай Ақылжан – Бақытжан Әлкебаев
4. Ернұр Әуезхан – Думан Елубай
5. Әсет Ақылжан – Серікболсын Әбікен.
Ақындарға 15 шілдеге дейін уақыт беріледі. Бәріңізге сәттілік тілейміз!
Келесі кезеңге өтпей қалған қатысушылар мойымай, айтылған сыннан нәтиже шығарып, алдағы уақытта мықты болып оралады деген сенім білдіреміз.
Қазылар алқасы
