«Арқалық қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің мемлекеттік — әлеуметтік тапсырысы аясында «Жалын жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі қала жастарымен «Парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру» жобасы шеңберінде кездесу ұйымдастырды.
Кездесудің өзіне жүктеген ұстанымы — жастар арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік және парасаттылық құндылықтарын насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтық белсенділікті арттыру.
Іс-шара барысында Арқалық қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сандуғаш Алматова мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» жобаның жетекшісі Алиасхаб Магомедов жастармен ашық пікір алмасып, қоғамдағы адалдық қағидаттарының маңызы туралы ойларымен бөлісті.

Қатысушылар адалдық ұғымы, жастардың қоғамдағы рөлі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары және әділ қоғам қалыптастыру мәселелері төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды.
«Адалдық пен парасаттылық – жарқын болашақтың берік негізі. Әрбір жас өз ортасында оң өзгерістердің бастамашысы болып, қоғамның дамуына үлес қоса алады», – дейді кездесуге мұрындық болған «Жалын жастар ұйымы» ҚБ төрағасы Мейрамбек Айбекұлы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
