Әр кейіпкер – бір дәуірдің, бір тағдырдың айнасы. Сахна мен экранда сомдалған образдар арқылы көрермен өз өмірін танып, жүрек түкпіріндегі сырлармен жүздеседі.
«Әйел әлемі» айдарының бұл жолғы тақырыбы театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Лейло Бекназардың өмірі мен өнер жолына арналмақ. Кейіпкерімізбен аймағымызға келген жолында жолығысудың сәті түсті.
– Лейло Ақназарқызы, жалпы, Қостанай өңіріне екі күндік сапармен келіп жатыр екенсіз. Осы сапарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, режиссер, профессор Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов пен Юрий Иванович Ханинг үшеуміз Қазақ ұлттық өнер университетінде кафедра ашқан едік. Биыл сол кафедраның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Пандемия кезінде дуальді оқыту жүйесі енгізіліп, онлайн сабақтар кеңінен жүргізіле бастады. Сол кезде театрларда кәсіби актерлердің жетіспейтіні анық байқалды. Осыған байланысты студенттерді ертерек театрларға жіберіп, тәжірибемен ұштастыра оқыту қолға алынды.
Қостанайға сапарымыздың басты мақсаты – Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында еңбек етіп жүрген үш шәкіртімнің дипломдық жұмыстарын қабылдау. Олар үшінші курсқа өтпей жатып осы театрға шақырылған. Қазір сахнада басты рөлдерді сомдап жүр. Театр ұжымына мың алғыс айтқым келеді. Балаларды мәпелеп, кәсіби ортаға бейімдеп, үлкен қамқорлық танытып отыр екен. Шәкірттерімнің көп нәрсе үйренгені бірден байқалады. Себебі бұл жердің ұжымы өте жақсы. Мен бірнеше спектакль көрдім. Соның ішінде «Шолпанның күнәсі» қойылымы ерекше әсер қалдырды. Өте сапалы, кәсіби деңгейде қойылған. Сол сахнада өз шәкірттерімнің өнер көрсетіп жүргенін көру – ұстаз ретінде мен үшін үлкен қуаныш.
– Театр ұжымына жоғары баға беріп отырсыз. Өнер ұжымы қай жағынан ерекше әсер етті?
– Иә, міндетті түрде театр басшылығына да алғыс айту керек. Қазіргі директор Асхат Зауатбек жастардың болашағына шын жанашырлықпен қарап отыр. Бүгінгі таңда жас актерлердің көбі диплом алған соң Астана мен Алматыда қалғысы келеді. Бірақ ол жақтағы театрлардың барлығы бірдей бәрін қабылдай алмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы өңірлік театрларды дамыту мәселесін дұрыс көтеріп отыр деп ойлаймын. Облыстардағы мәдениетті көтеру – өте маңызды дүние. Дегенмен театрға нақты қолдау қажет. Мысалы, бір спектакльге бар болғаны екі миллион теңге бөлінеді дегенді естігенде қатты таңғалдым. Шынымды айтсам, қазіргі жағдайда бұл өте аз қаражат. Себебі спектакль тек сахна емес – оның артында үлкен еңбек жатыр. Режиссер шақыру керек, декорация жасау, костюм тігу, жарық қою, музыка жазу – мұның бәрі қаржы талап етеді. Бұл театрда тұрақты режиссер жоқ екен, сондықтан олар сырттан маман шақыруға мәжбүр. Ал ол да қосымша шығын.
Қостанай – өндірісі дамыған өңір. Сондықтан мұнда меценаттар мен демеушілер көбірек тартылуы керек деп ойлаймын. Президенттің өзі де театр өнеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтып жүр. Өйткені театр бар жерде мәдениет өседі. Театр – жай ғана өнер емес, ол үлкен идеология. Біз кейде қазақ тілі туралы көп айтамыз. Бірақ әдеби қазақ тілін халық қайдан естиді? Әрине, театрдан естиді. Операда көбіне басқа тілдер қолданылады, балетте сөз жоқ. Ал таза, көркем әдеби тіл тек қазақ театрында сақталады. Сондықтан қазақ театрына қолдау өте қажет. Себебі тарихи спектакль қою оңай емес. Ұлттық костюмнің өзі үлкен қаражат пен үлкен еңбекті талап етеді.
Ілияс Омаров – қазақ мәдениетінде орны бөлек тұлға. Оның атындағы театр да соған сай биік деңгейде болуы керек. Қазақ театрының дамуы – ұлттық намыс мәселесі. Бізде бай фольклор бар: лиро-эпостық жырлар, батырлар жыры. Соның бәрін сахнаға шығару керек. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов сияқты алыптардың драматургиясы – әлемдік деңгейдегі мұра. Оны дұрыс қоя білу үшін кәсіби режиссура мен жеткілікті қаржы қажет. Кейде костюм, декорацияны үстірт, арзан жасауға тырысып жататындар бар. Ал театр – сапаны талап ететін өнер. Сондықтан бұл салаға жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын.
– Қостанайға алғаш келуіңіз бе?
– Жоқ, Ілияс Омаровтың 100 жылдығы өткен кезде келгенмін. Сол жолы «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алғаным есімде. Одан кейін Қалибек Қуанышбаев атындағы театрмен гастрольдік сапармен осы Қостанайға тағы да келгенбіз. Ол кезде осы сахнада өнер көрсеткен сәттер де есте.
– Жалпы, біздің өнер қарашаңырағымен тығыз байланыста екенсіз ғой?
– Әрине, студенттік кезден бірге оқыған әріптестерім де, менен кейінгі буын да осы өңірде еңбек етіп жүр екен. Қазір олар үлкен буынға айналған. Театр және кино өнерінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров бастап, оның жұбайы Зәмзагүл, Мәдениет қайраткері Қабдол-Мәжит Иманов қатарлы менен кейін оқыған әріптестерім бар. Сонымен қатар, шәкірттерімнің де осында жүргені қуантады. Өзімнің үш шәкіртімді осы театрға сеніп тапсырып отырмын. Олар енді театрды көруі керек, үйренуі керек. Себебі театр – тек сахна емес, үлкен мектеп.
Қазір бір дәуір ауысып жатыр. Үлкен буын кетіп, жаңа буын келді. Сондықтан жастарға әрдайым айтарым – театр өнері ертеңгі зиялы қауымның негізі. Көп оқу керек, іздену керек, сахнаға жай ғана шығуға болмайды. Сәт сапар тілейміз. Ең бастысы – меценаттар көбейіп, театрға әкімшілік жағынан да, қаржылай жағынан да нақты қолдау болса екен. Себебі бұл – жай өнер емес, үлкен рухани сала.
– Көпшілік сізді Күлімхан апа образы арқылы ерекше таниды…
– Неге? Мүмкін, сіз солай ойлайтын шығарсыз. Бірақ мен театр өнеріне де аз еңбек сіңірген жоқпын. «Ана жүрегі» деген фильмім бар, кейін «Келінжан» арқылы халыққа кеңінен танылдық. Күлімхан апаның рөлін көрермен өте жылы қабылдады. Оның себебі бар деп ойлаймын. Бәріміздің түбіміз – ауыл. Қанша жерден қалада өссек те, ауылға деген сағыныш бәріміздің жүрегімізде бар. Мен өзім қаланың қызы болсам да, анамыз бізді ауылға жіберіп тұратын. Сол жақтағы иіс, адамдардың мейірімі, әженің тәрбиесі – бәрі санаңда сақталып қалады.
Күлімхан апаның образын жасағанда мен өз әжелерімді көрдім. Олар өте ақжарқын, дана, немересін ерекше жақсы көретін жандар еді. Әр адам өз әжесін еске алса, мейірімділікті, жылулықты сезінеді ғой. Басыңнан сипап, «айналайын» деп еркелететін сол бір мейірім ешқашан ұмытылмайды.
Меніңше, Күлімхан апаның халыққа жақын болуының тағы бір себебі – қазіргі сериалдарда енелерді, аналарды көбіне ұрысқақ, өсекші етіп көрсетіп жібердік. Ал шынайы өмірдегі қазақ әжесі мүлде басқа ғой. Ол – мейірімнің, даналықтың, отбасының жылуының символы. Сондықтан мен режиссерге бірден айттым: «Егер осы рөлге шақырсаңдар, мен мейірімді, дана ененің образын ғана ойнаймын» дедім. Өсек айтып, ұрысып жүретін кейуананың рөлін ойнағым келмеді. Өйткені қазақтың анасы мен әжесі – тәрбиенің, мейірімнің иесі. Тіпті «кемпір» деген сөздің орнына «әже», «ана» деп айтқан дұрыс деп ойлаймын. Халықтың Күлімхан апаны жақсы көруі де содан шығар. Себебі көрермен сол образдан өз әжесін, өз анасын, өз ауылын көрді. Ал біз бәріміз сол мейірімді, сол құшақты сағынамыз.
– Дана ананың образын толық аша алдым деп ойлайсыз ба?
– Мен, ең алдымен, актрисамын. Әрбір рөл – менің жаным, жүрегіме жақын дүнием. Рөлмен жұмыс істеу деген – үлкен зерттеу. Ғылыми еңбек қорғағандай, оның табиғатын терең талдайсың, тарихын зерттейсің, мінезін іздейсің. Ақырындап сол образға жан бітіресің, жүрек соқтырасың, қан жүгіртесің. Сонда ғана кейіпкер тіріліп шыға келеді. Өмірдегі мен – бір басқа адаммын. Ал сахнадағы немесе кинодағы образ – ол менің кәсібім. Сондықтан әр рөлдің үстінде көп жұмыс істеймін. Күлімхан апаның образын жасағанда өз әжемді есіме түсірдім. Оның көзқарасы қандай еді, қалай сөйлейтін еді, қалай ұрысатын еді – бәрін ой елегінен өткіздім.
Қазақтың әжелері ешқашан қарғап ұрыспайтын. Ашуланса да мейіріммен сөйлейтін. Сол себепті фильмде «Тұқымың өссін!» деген сөзді әдейі қостым. Ол – қазақтың батасы. Сонымен бірге «айналайын», «ботам», «құлыным», «көзімнің қарашығы» деген сөздерді де енгіздім. Себебі қазақтың әжелері дәл солай сөйлеген. Қай қазақтан сұрасаң да, «Менің әжем өте мейірімді еді» деп айтады. Әжесінің еркелеткенін, ұрысса да жақсы көріп тұрғанын сағынады. Қай ана өз баласына жаман сөз айтсын? Сондықтан халық Күлімхан апаны қабылдады деп ойлаймын. Әр көрермен сол образдан өз әжесін көрді, өз балалық шағын еске алды. Біз бәріміз ауылдың иісін, жусанның аңқуын, әженің мейірімін сағынамыз. Мен де бала күнімде көрген сол әжелердің болмысын жүрегімде сақтап қалдым.
– Сіз үшін әйелдің басты миссиясы қандай?
– Мен енді «Ана жүрегі» фильміндегі рөлім сияқты, ана тақырыбына келгенде ерекше толғанамын. Өте күрделі рөлдер болды. Жалпы, әйел болып дүниеге келген соң, біздің ең бірінші миссиямыз – ана болу, ұрпаққа дұрыс тәрбие беру деп ойлаймын. Қай ауылға барсам да байқайтыным – отбасының берекесі де, тәрбиесі де көбіне ананың қолында болады. Ана ешқашан өз шаңырағына жамандық ойламайды. Біздің кезімізде әкелеріміз сабырлы, момын болатын. Балаларға қатты дауыс көтермейтін. «Әкеңе айтам» деп аналарымыз тәрбиелейтін. Үйдің ішіндегі тәртіпті де, жылулықты да ұстап отырған – ана. Сондықтан бәрі анаға байланысты деп ойлаймын.
Әйелдің басты міндеті – артында дұрыс ұрпақ қалдыру, тәлім мен тәрбиені дұрыс беру. Әсіресе, қазақ болып дүниеге келген соң, өзіміздің салт-дәстүрімізді, тілімізді, ұлттық болмысымызды балаға үйретуіміз керек. «Ананың сүтімен дариды» дейді ғой. Бәрі бесік жырынан басталады. «Айналайын, ақ бөпем» деп әлдилеген сөздің өзі – тәрбие. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бекер айтылмаған. Қазақ қашанда қыз баланы ерекше сыйлаған. Сондықтан келін болып түскен жас қызға да түсіністікпен қарау керек. Ол да – біреудің мәпелеп өсірген қызы. Ене жас келінге ақылмен, мейіріммен жол көрсетуі керек. «Біздің әулетте осындай дәстүр бар» деп үйретуі керек. Ұрсып емес, түсіндіріп, жанашырлықпен тәрбиелеу керек. Кейде келінді үйдің қызметшісіндей көріп жатады. Бұл – дұрыс емес. Себебі ертең сол келін сенің ұрпағыңды жалғастыратын ана болады. Бәріміз де бір үйдің ерке қызы болып өстік қой. Ешқайсымыз аспаннан салбырап түскен жоқпыз. Қазақ қызын алақанына салып өсірген халық. Соның қадірін ұмытпауымыз керек. Отбасындағы мейірім мен сыйластық – әйелден басталады. Ана мейірімді болса, ұрпақ та мейірімді болып өседі. Сондықтан әйелдің даналығы – тек өз отбасын емес, тұтас ұлттың тәрбиесін қалыптастыратын үлкен күш деп ойлаймын.
– Ашылып айтқан әңгімеңізге рақмет!
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
