Перцов ауылындағы диірмен тәулігіне 120 тонна бидай өңдейді

Перцов ауылындағы диірмен тәулігіне 120 тонна бидай өңдейді

Қостанай өңірі ежелден еліміздің басты астықты аймақтарының бірі саналады. Осы ретте Рудный қаласына іргелес орналасқан Перцев ауылында орналасқан табысты кәсіпорындардың қатарында 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Екта» ЖШС диірмен өндірісі де бар.
Кәсіпорын директоры Қарлығаш Жармұхамбетова өндірістің бүгінгі тынысы, ұн өндіру технологиясы және нарықтағы жұмыс барысы туралы айтып берді. Диірмен өз жұмысын 2008 жылы бастаған. Сол кезде кәсіпорынға қажетті барлық құрал-жабдық Түркиядан әкелініп орнатылған. Содан бері өндіріс үздіксіз жұмыс істеп келеді.

– Біз бидай қабылдап, оны өңдеп, жоғары және бірінші сұрыпты ұн шығарамыз. Сонымен қатар кебек өндіріледі. Біз үшін астықтың сапасы өте маңызды. Сондықтан әр партия алдымен зертханалық тексеруден өтеді. Ал кебек мал шаруашылығында кеңінен пайдаланылады, – дейді Қарлығаш Қамбарқызы.

Кәсіпорын бидайды жергілікті шаруалардан сатып алады. Содан кейін астық толық технологиялық өңдеуден өткізіліп, дайын өнімге айналады. Бұрын өндірілген ұнның басым бөлігі шетел нарығына жөнелтілген.

blank

– Ұнымыз негізінен Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталатын. Соңғы екі-үш жылда Қазақстан нарығына да белсенді түрде шығып жатырмыз. Қазір өнімдеріміз Қызылорда, Ақтөбе өңірлеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар Астана қаласының нарығына да ене бастадық, – дейді кәсіпорын басшысы.

Өндірісті дамытуда мемлекет ұсынатын қаржылық қолдау бағдарламаларының маңызы зор. Кәсіпорын жыл сайын жеңілдетілген несиелер алып, өндірістік айналымды қамтамасыз етіп келеді.

– Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы аламыз. Әр жыл сайын несие рәсімдейміз. Ол қаражат өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне және шикізат қорын қалыптастыруға жұмсалады, – дейді директор.

Диірменнің өндірістік қуаты тәулігіне 120 тонна бидай өңдеуге жетеді. Кәсіпорын тәулік бойы, 24 сағат үздіксіз жұмыс істейді.

– Бір тәулікте 120 тоннаға дейін астық өңдей аламыз. Бидай толық технологиялық процестен өтеді. Алынған өнімнің шамамен 60 пайызы ұн ретінде шығарылады. Қалған бөлігі түрлі қалдықтарға, оның ішінде кебекке айналады, – дейді ол.

Ұн өндірудің өзіндік күрделі технологиясы бар. Алдымен қабылданған бидай жуылады. Кейін кептіріліп, бірнеше кезеңнен тұратын тазалау процесінен өтеді. Астықтың сыртқы қабықтары аршылып, сұрыпталып, ұнтақтауға дайындалады.

– Бидай диірменге бірден түспейді. Оның алдында бірнеше тазалау кезеңінен өтеді. Астықтың сыртындағы шаң-тозаң, бөгде қоспалар алынады. Кейін қабығы аршылады. Сол процестер барысында кебек бөлінеді. Кебек – бидайдың сыртқы қабаттарынан алынатын өнім, – деп түсіндірді Қарлығаш Қамбарқызы.

Кәсіпорын ұн сапасына ерекше мән береді. Сондықтан өңдеуге тек Қостанай облысында өсірілген үшінші класты жұмсақ бидай қабылданады.

– Біз тек үшінші класты жұмсақ бидай сатып аламыз. Басқа өңірлердің астығын алмаймыз. Өйткені Қостанай облысының астығы сапасы жағынан өте жоғары. Дәннің натурасы, клейковинасы, тазалығы жақсы болады. Әр партия міндетті түрде зертханалық талдаудан өтеді. Егер сапасы талапқа сай болмаса, ондай бидайды қабылдамаймыз, – дейді кәсіпорын басшысы.

Маманның айтуынша, дайын өнімнің сапасы ең алдымен шикізаттың сапасына байланысты.

– Клиент алдындағы жауапкершілік біз үшін маңызды. Егер сапасыз өнім шығарсақ, тұтынушыдан айырылып қаламыз. Сондықтан ең жақсы астықты таңдап алуға тырысамыз, – дейді ол.

Қазіргі таңда кәсіпорында астық сақтауға арналған үш арнайы сыйымдылық жұмыс істейді. Биыл өндірістік мүмкіндікті кеңейту үшін қосымша қоймалар сатып алынған.

– Бұрын тек астық сақтайтын сыйымдылықтарымыз болды. Биыл қосымша қоймалар сатып алдық. Қазір оларды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күзгі егін науқанына дейін толық дайындауды жоспарлап отырмыз, – дейді директор.

Астық кәсіпорынға жүк көліктерімен жеткізіледі. Арнайы қабылдау шұңқырына төгілген өнім сапалық көрсеткіштері бойынша сұрыпталып, кейін сақтау орындарына жіберіледі. Кәсіпорында жергілікті тұрғындар да еңбек етеді. Дегенмен жұмыс ерекшелігіне байланысты жастардың үлесі басым.

– Қызметкерлердің арасында ауыл тұрғындары да бар. Бірақ негізінен Рудный қаласынан және жақын маңдағы елді мекендерден келіп жұмыс істейтіндер көп. Бұл – физикалық күшті қажет ететін жұмыс. Сондықтан жастарға сұраныс жоғары. Үлкен кісілерге мұндай ауыр жұмысты атқару қиын, – дейді Қарлығаш Қамбарқызы.

Бүгінде кәсіпорын 50, 25, 10, 5 және 2 келілік қапшықтарға ұнды қаптайды. Өңірдегі астықты өңдеп қана қоймай, ішкі және сыртқы нарықты сапалы ұнмен қамтамасыз етіп отыр. Сапалы шикізат, заманауи технология және тұтынушы алдындағы жауапкершілік – кәсіпорын жұмысының басты қағидаттары.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ