Чемпионға пәтер

Чемпионға пәтер

Халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтеріп жүрген балуан Иусуф Мациевке Қостанайдың дәл орталығында бой көтерген зәулім үйден су жаңа пәтер бұйырды. Баспананың кілті спортшы мен анасына салтанатты түрде табысталды.

Иусуф Мациев 2025 жылғы грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері, Азия чемпионы. Саңлақтың жеңісіне риза болған жерлестері бір ай бұрын ғана осы пәтердің сертификатын берген еді.

blank blank

Сол екі арада спортшы Алматыда өткен Қазақстан Республикасының Кубогында бақ сынап үлгеріп, Азия ойындарына жолдама алып келді. Бұл жеңістің бәсі жоғары болып тұр. Өйткені Иусуфтың әкелген жолдамасы – Қостанай облысындағы грек-рим күресінің тарихында Азия ойындарына жол ашатын тұңғыш лицензия. Спортшының соңғы екі жеңісінен соң Қостанай облысындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас демеушісі және қауымдастықтың вице-президенті «Alpamys Group» құрылыс компаниясы 1 бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты түрде тапсырып отыр.

blank

«Қостанай облысы болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларға толы екені қуантады. Біз бір жыл ішінде федерацияның жұмысын ширатуға күш салдық. Үздік жаттықтырушылар құрамын жасақтап, спортшыларға барынша жағдай жасауды қолға алдық. Олар да біздің үмітімізде ақтауда. Әлемдік додаларда топ жарып, алтыннан алқа тағуда. Әр жетістік біз үшін зор мақтаныш. Қолдау шараларын әрі қарай жалғастыра бермекпіз», – деді Қостанай облысындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті, «Alpamys Group» ЖШС құрылыс компаниясының бас директоры Алмат Айткужинов.

blank

Сый-құрметке толы ерекше сәтке анасы Лейла Эгиева да куәгер болды. Көптен күткен қуанышқа бірге шаттанып, толқынысын жасыра алмады.

blank

«Иусуфты 6 жасында спортқа тарттық. 10 жасынан бастап өздігінен саналы түрде түрде шұғылдана бастады. Таң ертемен тұрып алып жаттығуға асығатын. Үздіксіз дайындықтың жемісі көз алдарыңызда. Баламның бұдан да биік шыңды бағындырғанын армандаймын. Оның мүмкіндігі жоғары, қарым-қабілеті жетеді», – деп зор сенім артты.

Ананың сенімінен асқан күш бар ма ғаламда! Спортшыны жеңіске жетелеп жүрген де осы сенім шығар. Иусуфтың ерік-жігерін де жоққа шығара алмаймыз. Жылдар бойы талмай жаттығу, уақытпен санаспай дайындалу – осының бәрі төзімді талап ететін жұмыс.

blank

«Қуанышымды сөзбен жеткізе алар емеспін. Еңбегімді елеп жатқанына ризамын. Баспана – адамның басты қажеттіліктерінің бірі. Алда үлкен бәсекелер күтіп тұр. Дайындықты бір сәтке де үзбей, керісінше үдете түсу қажет», – деді ол.

Сыйға берілген 1 бөлмелі пәтер Қостанай қаласының қақ ортасында «Свободный» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Маңайы енді-енді абаттандырылып жатыр. Зәулім үй сапалы құрылыс материалдарынан салыныпты. Чемпионның анасы ендігі уақытта пәтер ішін әрлеуге көмектеспек. Спортшы болса алдағы Азия ойындарына барын салып шынығуға кіріспек. Байрақты бәсекеде алтын алуға үмітті. Төрт жылда бір болатын жарыста мүмкіндікті құр жібергісі жоқ.

«Жуырда ғана Алматыда болған Қазақстан кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жаттығудың бәрін Қостанайда өткіздім. Дайындығымды әбден жетілдіріп, пысықтап барып қатыстым. Сондықтан маған ешқандай қиындық туған жоқ және қарсыластардың арасынан ешкімді бөле жара айта алмаймын. Сайыстан тыс уақытта таңертең және кешкі уақытымды жаттығуға арнаймын. Ал жарысқа дайындалу кезінде үш мезгіл шынығу қажет», – деп нақтылады.

Иусуф Мациев 2026 жылғы 12–17 мамырда Алматы қаласында өткен грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Қазақстан Республикасының Кубогында 97 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, алтын медальға қол жеткізген сәтін хабарлағанбыз. Осы жарқын жеңісінің арқасында Азия ойындарына жолдама алды. Бүгінде ол грек-рим күресінен Қостанай құрамасының үздігі атануда. Сарапшылар Иусуфты Олимпиада ойындарына қатысуға қабілеті жететін негізгі үміткер деп бағалап отыр.

«Иусуф небары 22 жаста. Соған қарамастан толағай табыстарға қолжеткізуде. Ол бізге Олимпиада медалін сыйлайды деген үміттеміз», – деп ағынан жарылды грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша облыстық федерацияның президенті Мақсат Ережепов.

Бұл пікірді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Коспанов та құптады.

«Спортшының еңбегі ескеріліп, құрмет көрсетілуі тиіс. Сол кезде шабыттанып, тынысы ашылады. Оны көрген жастар спортшы болуға талаптанады. Салауатты өмір салтын ұстануға бейімделеді», – дейді Бахтияр Коспанов.

Түсіне білген жанға спорт – жай ғана сайыс емес. Ең алдымен ол – намыс. Қажет десеңіз бүтіндей бір өңірдің, елдің намысы. Сол намыстың жолында жанын салып еңбектеніп жүрген жандар кез-келген құрметке лайықты.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті ұйымдастырушылар ұсынды