Қостанай облысында AMANAT партиясының бастамасымен ұйымдастырылған модульдік оқу бағдарламасы өз жұмысын бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қоғам сұранысына жедел жауап бере алатын, кәсіби құзыреті жоғары және заманауи басқару дағдыларын меңгерген кадрларды даярлау.
Партия жанындағы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған оқыту курсына 130 адам қатысуда. Олардың қатарында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, сондай-ақ партия мүшелері бар.
Оқу бағдарламасының ашылу салтанатына кәсіпкерлік және жобалық басқару жөніндегі сарапшы, «Әкімдер мектебі» әдістемесінің тең авторы, «Ғылым қоры» АҚ-ның бұрынғы жобалар портфелін басқарушысы Сәкен Қаженов, AlmaU-дың MBA бағдарламасының оқытушысы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сарапшысы Тимур Қалдыбаев, «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Өңірлік және ұйымдастыру жұмысы департаменті директорының орынбасары Жандос Қалтаев, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары Динара Мұқышева және «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының PR және білім беру бастамалары бағытының жетекшісі Самал Нүкенжанова және AMANAT партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов және партия белсенділері қатысты.
Қазіргі жағдайда басқару саласында тек теориялық білім жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік саясатты тиімді іске асырып, халықтың сұранысына уақытылы жауап бере алатын әрі нақты нәтижеге қол жеткізетін мамандарды даярлау – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі, — дейді Оқу-әдістемелік бөлімінің тренер-әдіскері Самал Нүкенжанова.
Бағдарлама партияның кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Қатысушылар көшбасшылық қасиеттерін дамыту, стратегиялық жоспарлау, жобалық басқару және заманауи коммуникация құралдарын тиімді пайдалану бойынша білімдерін жетілдіреді. Сонымен қатар оқу барысында алынған тәжірибе өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуде қолданылатын болады.
AMANAT партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов бұл бастаманың жергілікті деңгейде басқару мәдениетін дамытудағы маңызын ерекше атап өтті.
«Бүгінде тұрғындармен тиімді жұмыс істеу үшін жаңа білім мен заманауи тәсілдер қажет. Осындай оқыту алаңдары партия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, өңірлердегі нақты мәселелерді шешуге тың серпін береді. Бұл – тәжірибе алмасуға, жаңа көзқарас қалыптастыруға және тиімді басқару тәжірибесін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба», – деді ол.
Үш күнге жоспарланған семинар аясында қатысушылар жеке көшбасшылықты дамыту, өңірлер мен жергілікті қауымдастықтарды басқару, бюджет жүйесінің тетіктерін меңгеру, тұрғындармен және командамен нәтижелі коммуникация орнату, сондай-ақ саяси науқандарды ұйымдастыру мәселелері бойынша тәжірибелі мамандардан дәріс алады.
Сарапшылар қатысушылармен басқару тиімділігін арттыру, өңірлік даму, жобалық менеджмент, стратегиялық жоспарлау, қоғамдық коммуникация және мемлекеттік саясатты іске асырудың заманауи тәсілдері бойынша тәжірибелерімен бөліседі. Бұл тыңдаушыларға теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешудің нақты тетіктерін меңгеруге мүмкіндік береді.
Оқу қорытындысы бойынша әр қатысушы нақты көрсеткіштерге негізделген жеке даму жоспарын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау сапасын арттырып, азаматтардың өтініштері мен сұраныстарына жедел әрекет етуге, сондай-ақ өңірлердегі басқару тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.

Аталған жоба AMANAT партиясының кәсіби және бәсекеге қабілетті кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмысының маңызды бөлігі саналады. Бағдарлама арқылы дайындалған мамандар мемлекеттік басқару мен қоғамдық-саяси қызметтің түрлі салаларында тиімді жұмыс істеп, өңірлердің тұрақты дамуына өз үлестерін қосады деп күтілуде.
