31 мамыр – саяси құғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Арқалық қаласындағы орталық «Демалыс» саябағында зұлмат жылдар құрбандарына арналып тұрғызылған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Ескерткіш басында баяу саз ырғағы ойнап, жиылған жұртшылық қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Тарихи дерек бойынша зұлмат жылдары елімізде 103 мыңнан астам адам жазықсыз қудалаудан жапа шегіп, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген.
«Алаш» қайраткерлеріне «ұлтшыл» деген айып тағылып, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды көптеген ұлт зиялылары осы ауыр жазаның құрбаны болды.
Бұл күндерді еске алудағы мақсат – қасіретті жылдарда құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, бүгінгі бейбіт күннің қадірін жете түсінсек деген ниет. Қасіретті жылдардың құрбандарын мәңігілікке есте сақтау – бүгінгі ұрпақтың перзенттік борышы. Тәуелсіздігіміздің баяндылығы жолында жастарымыз өз тарихын біліп, ұлтын шексіз сүюі қажет.

Қала ардагерлері бастап тағзым етуге жиналғандар жазықсыз құрбан болғандардың құрметіне ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Марат Сұлтанбеков,
Қажы:

«1935 жылы ауылда мешіт ұстаған, ққранқари болған менің атам Тобажанов Сұлтанбекті «дін таратушы» деп түрмеге жапқан. Қостанайдың «ақ түрмесінен» жасының үлкендігін ескеріп босатады. 1937 жылы екінші мәрте соттап, ақыр аяғында 8 желтоқсан күні «үштіктің» ұйғарымымен ату жазасына кеседі. Ол кісінің жазығы ислам дінін таратып, мешіт ашып, балаларды оқытқаны. Ауырған адамдарды дұға жасап емдеген. Кейіннен атамыз ел қатарлы ақталып шықты. Көптеген адамдар сол уақытта осылай зардап шекті. Алла енді мұндай күндердің бетін аулақ қылып, жас ұрпаққа бақытты күндерді нәсіп етсін».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
