Жеңіс естеліктері: тағдырлар мен тұлғалар

Жеңіс естеліктері: тағдырлар мен тұлғалар

Қазақстан Халық партиясының бастамасымен жүзеге асып отырған «Жеңіс естеліктері: Тағдырлар мен тұлғалар» жобасы — Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі мен өнегелі өмір жолын ұлықтайтын тағылымы терең игі бастама.

Бұл жоба — ел тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға бағытталған маңызды рухани мұра.
Ұлы Жеңіс — миллиондаған тағдырдың, төгілген қан мен көз жастың, қайсарлық пен төзімнің жемісі. Сұрапыл соғыс жылдарында талай азамат туған жерін, елінің азаттығын қорғау жолында жанын пида етті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталары анық.
Осындай батыр жандардың қатарында қайын атам, Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсембаев Шоқай бар.

Шоқай атамның өмірі мен жауынгерлік және еңбек жолына тоқталсам, ол 1902 жылы Әулиекөл ауданында Қарақалпақ ауылында дүниеге келген. Бейбіт жатқан Отанымызға фашистер шабуыл жасап басып кіргенде, ол 1942 жылы Отанын қорғауға өзі сұранып майданға аттанып кетеді. Шоқай ата 463-ші атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысқан. 1943 жылы Донбастың майдан даласында фашистермен жан беріп, жан алысып шайқасып,аяғымен мина басып ауыр жарақат алып госпитальда ем қабылдайды. Сол жылдың қыркүйек айында атам бір аяғынан айырылып елге қайтады. Ауылда тылда тыңбай еңбек еткен Жұмакүл әжеміз баласымен атамызды күтіп алады. Ауылға оралған соң Шоқай атамыз мүгедектігіне қарамастан шопан болып жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысының ардагері Шоқай атамыз 1955 жылы дүниеден озады. Оның өмір жолы қайсарлық пен отансүйгіштіктің айқын үлгісі.
Нағашым, Оспанов Баязид атам да Ұлы Отан соғысының от-жалынынан өткен ардагерлердің бірі.

blank

Баязид ата 1921 Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін ол колхозда бас инспектор болып жұмыс істеді. 1941 жылы Жангелдин аудандық әскери комиссариатқа шақырылып, майданға жіберілген. Сталинград майданында 112-ші атқыштар полкінде ұрыстарға қатысқан. 1942 жылы майданда ауыр жараланып, бір қол бір аяғынан айырылып, 2-ші топтағы мүгедек болып 1944 жылы елге оралады. Алайда тағдырдың ауыр сынына қарамастан, елге оралған соң халық игілігі жолында аянбай еңбек еткен. Соғыстан кейін ол Жангелдин ауданында жұмыс істеген. 1956 жылдан 1969 жылдар аралығында Қамысты ауданының Бестау ауылында бригадир, кейін сауда бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Оның ерлігі Даңқ орденімен және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен бағаланған. Баязид атам Алима әжемен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірген. Ұлы Отан соғысының ардагері, Баязид ата 1979 жылы дүниеден озды.
Тағдыр тәлкегін бастан өткерген тағы бір тұлға – туған атам, тыл ардагері Ысмағұлов Әлмағамбет.

blank

Әлмағамбет атам 1912 жылы дүниеге келген. Атам байдың баласы деп қудаланып, 1941 жылдың желтоқсан айында сотталған екен. Репрессияға ұшыраған Әлмағамбет атамның түрмеде отырған күнінен гөрі, штрафной батальонда жарылған снаряд, жаңбырша жауған оқтың ортасында, жаумен бетпе-бет соғысқан күні көп болыпты. Соғыс аяқталғаннан кейін Әлмағамбет атам ақталып, ауылға аман сау оралып, Сәлима әжеммен отбасын құрады. Әлмағамбет атамның жалғыз баласы Әділбек әкемнен Серік, Берік есімді екі ұлмен мына мен туғанмын. Әлмағамбет атам бейбіт өмірде 1995 жылы өмірден өтті. Осындай жандардың өмірі тарихтың тірі шежіресі.
Бүгінгі бейбіт өмір кешегі батыр бабалардың жанқияр ерлігі мен маңдай терінің жемісі. Олардың әрқайсысының тағдыры – төзім мен табандылықтың, елге деген адалдық пен шексіз сүйіспеншіліктің айғағы. Майдан даласында от кешіп, тылда тынымсыз еңбек еткен ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Осындай асыл жандардың ұрпағы болу зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Батыр бабалардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге болып, елін, жерін сүюге, Отанды қадірлеуге үндейді. Уақыт өткен сайын ардагерлер қатары сиреп барады. Бірақ олардың жарқын бейнесі мен ерлікке толы ғұмыры халық жадында мәңгі сақталады. «Жеңіс естеліктері: Тағдырлар мен тұлғалар» жобасының басты құндылығы да осындай тағылымды тағдырларды ұмыттырмай, ұрпақ санасына жеткізуінде. Өткенге тағзым ету болашаққа деген құрмет. Сондықтан ерлікке толы естеліктер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ел жадында мәңгі жаңғыра бермек.
Ең бастысы көгімізде бейбітшілік туы желбіреп, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Батыр бабалардың рухы әрдайым ұрпағын қорғап, рухтандырып тұрғай.

Ботакөз Әділбекқызы Дүйсембаева,

Қазақстан Халық партиясының мүшесі