Қостанайдағы Жеңіс саябағында таңсәріден бері адам аяғы саябырлаған жоқ. Әлі де іс-шаралар өтіп жатыр.
Саябақ ішін лық толтырған халық салтанатты рәсімнен кейін де түр-түрлі қызыққа қарық болды. Кіреберісте ас-су саудасы қызып, түкпірірегінде «Жауынгер ботқасы» акциясы жүрді. Тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрып, быламықтан дәм татты. 


Сондай-ақ облыстық Тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы экспозициясы сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін көрермен қауымды қабылдады. Мұнда сонау сұрапыл жылдардан хабар-дерек беретін құжаттардан бастап, жауынгерлер қолданған әртүрлі бұйым қойылған. Қызметкерлер шатыр астындағы көрмені тамашалаушылар бір сәтке толастамағанын айтып отыр. 

«Көрмемізге соғысқа аттанған майдангерлеріміздің жеке заттары қойылып отыр. Айталық, майдангер Яковлев тұтынған бұйымдарды, жалпы сол дәуірден келе жатқан жәдігерлерді көре аласыздар. Сонымен қатар «Большевичка» тігін фабрикасының сол кезеңдегі киім-кезектері бар. Фабрика майдан кезінде, 1941 жылы ашылып, Украинаның Херсон қаласынан көшіріліп әкелінгені, соғысқа көп көмек көрсеткені тарихтан мәлім. Мұның сыртында «Қостанай облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты фотоқұжаттық жылжымалы көрме де көпшілік назарына ұсынылды. еліміздің танымал суртешілерінің картиналарын осында әкелдік. Шамамен, 7 мыңға жуық адам көрмені ташалауда», – деді музей қызметкері Айбике Тасболатқызы.
Бұдан бөлек, түс ауа саябақ ішінде Балалар шығармашылығы ұжымдарының концерттік бағдарламасы өтті. Балдырғандар мың бұрала би билеп, әуелете ән салды. Тұрғындар Аула клубтары тәрбиеленушілерінің көрсеткіштік қойылымдарына, «Көңілді мәре», асық ату сайыстарына да куә болды. Іс-шара кешкілік қала орталығында өтетін концерттермен түйінделеді.


