Жалған құжат жарға жығар

Жалған құжат жарға жығар

Еліміздің аумағында мүгедектікті белгілеу жұмысына кешенді тексеру жүргізіле бастады. Мұндай шешім мүгедектікті заңсыз белгілеу фактілерінің анықталуына байланысты қолға алыныпты. Қостанай облысындағы ахуалдан хабардар болу үшін  ҚР-ның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне сауал жолдадық.  Мемлекеттік мекеме басшысы Әлия Мекебаева сұрағымызға жауап берді.

– Қазіргі уақытта мүгедектікті жалған белгілеу мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Бұл мәселе бойынша облыста қандай жұмыс жүргізілуде?

Қостанай облысында бүгінгі таңда 29 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 4 мыңға жуығы балалар. Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды қолдауға қомақты қаражат бөледі және біздің міндетіміз – бұл қаражаттың заңнамаға сәйкес, лайықты азаматтарға жетуін қамтамасыз ету. Департамент Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық бөлімшесі болып есептеледі және біздің функцияларымыздың біріне медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және мүгедектікті белгілеу жатады.

Жыл сайын МӘС бөлімдерінде 10000-нан астам адам бастапқы және қайта куәландырудан өтеді, олардың 2мыңнан астамына алғаш рет мүгедектік тағайындалды.

Комитет пен Департамент тұрақты негізде мүгедектікті белгілеудің негізділігіне, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауға жүйелі мониторинг жүргізеді. Мұндағы негізгі мақсат– әлеуметтік әділеттілікті және мемлекеттік көмектің атаулылығын қамтамасыз ету: қолдау шаралары негізсіз тағайындау фактілеріне жол бермей, оларға шынымен мұқтаж азаматтарға ғана ұсынылуы тиіс.

Әділеттілік қағидаты қатаң сақталуы керек және сонымен бірге қатаң бақылауда болуы керек.

 – Жүйелі мониторинг жүргізілетінін айттыңыз. Нәтижесіне тоқталасыз ба?

– Өкінішке қарай, медициналық-әлеуметтік сараптамаға түсетін медициналық құжаттарды жақында талдау барысында елеулі бұзушылықтар анықталды. Бірдей медициналық жазбаларды қолдану фактілері анықталды. Бұл дегеніміз, әр түрлі пациенттерде іс жүзінде «көшірме» құжаттар рәсімделген: талдау нәтижелері, анамнез деректері және бейінді мамандардың қорытындылары толығымен сәйкес келді, тек күндер мен дербес деректер өзгертілген. Аталған фактілер мүгедектікті заңсыз белгілеу мақсатында медициналық құжаттаманы бұрмалаудың белең алғанын көрсетеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бойынша барлығы 151 осындай келеңсіз жағдай анықталды. Жиналған материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды.

– Мұндай жағдайлар біздің облыста анықталды ма? Алдын алу үшін не істеу қажет деп есептейсіз?

Біздің облыста мұндай фактілер анықталмағанын атап өткен жөн. Тексеру біржолғы науқан емес, әлі де жалғасуда және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатаң бақылауында. Қазіргі уақытта медициналық-әлеуметтік сараптаманың екі форматы қолданылады: күндізгі және сырттай проактивті. Күндізгі куәландыру Департамент базасында да, көшпелі форматта да – аудандық емханаларда, стационарларда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында және медициналық-әлеуметтік ұйымдарда жүргізіледі. Тасымалданбайтын пациенттерді куәландыру үйде жүзеге асырылады. Сырттай проактивті формат облыста 2021 жылғы 1қарашадан бастап енгізілді және бүгінгі күні 23 нозология бойынша қолданылады, осы форматта қызметті жүгінген көрсетілетін қызметті алушылар санының шамамен 50% алды. Департаменттің МӘС әдіснама және бақылау бөлімі тұрақты негізде шығарылған сараптамалық қорытындыларға мониторинг жүргізеді. Медициналық деректер мен сараптамалық қорытынды арасындағы сәйкессіздіктер анықталған кезде қайта куәландыру жүргізіледі, содан кейін шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес – мүгедектік тобын төмендету және күшейту жағына қарай келтіріледі. МӘС-ке негізсіз жіберілген жағдайларда Департамент шаралар қабылдау үшін тиісті материалдарды аумақтық Медициналық және фармацевтикалық бақылау бөлімшелеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасына жібереді. Бұдан басқа, денсаулық сақтау жүйесінің мамандарымен жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, халықпен кездесулер, облыс өңірлеріне сапарлар ұйымдастырылады. Мемлекет алдау және әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу әрекеттерін қатаң түрде тоқтатуды жалғастырады.

Сұқбаттасқан Қымбат ДОСЖАНОВА