«Кеңестік дәуірде қазақ тарихын оқыту – ерлік еді»

«Кеңестік дәуірде қазақ тарихын оқыту – ерлік еді»

Ұлт тарихын оқытуға үлкен еңбек сіңірген белгілі тарихшы Ғалихан Жантөриннің 110 жылдығына орай Қостанайда ғалымның ұрпақтары, шәкірттері мен зерттеушілер бас қосып, бірегей тұлғаның өнегелі өмірі мен ғылыми мұрасын талқылаған тағылымды жиын ұйымдастырылды.

Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтта өткен бұл басқосу ғалымның еңбегіне жаңа көзқарас қалыптастырды.

Шара басында қатысушылар университет ғимаратындағы Ғалихан Жантөрин атындағы аудиторияны аралап, ғалымның өмір жолын айғақтайтын жәдігерлермен танысты. Мұнда оның ұлы Марат Жантөрин мен қызы Сәуле, сондай-ақ көзін көрген шәкірттері жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

«Ұстаз, ғалым Ғалихан Жантөреұлы Жантөриннің 110 жылдығына арналған» студенттер мен магистранттардың Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына жалғасты. Жиын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті «Тарих» білім бағдарламасының бірінші оқу жылының магистранттарының әзірлеген «Ғалихан Жантөрин – тағылымды ғұмыр, терең мұра» бейнебаянын көрсетуден басталды.

«Қостанай облысындағы, Қостанай қаласындағы сол кездегі мемлекеттік педагогикалық инситуттың тарих факультетіне бірінші курс студенті болып қабылдандым. Ұмытпасам, жоғары курста алғаш рет Қазақстан тарихы деген пышақтың жүзіндей бір оқулық болды. «Қазақ ССР тарихы» деп аталатын сабақтан Ғалихан ағай сабақ берді», — деп еске алады Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философ ғалым Қалқаман Жақып.

 

— Өзге ұлттар тұнып тұрған Қостанайда сол кезде қазақ тарихын оқу, одан сабақ беру ерлікке пара-пар еді. Ғалихан ағайдың қажырлығы, қайраттылығы, білімі барлығынан асып тұрды. Қостанай, Көкшетау, Петропавл сықылды қалаларда қызметке ортаңқол қазақтарды қоятын. Ал мына кабинетке мыңдаған студенттер келіп, суретін көреді, мұнда жағалай өмірбаяны жазылған. Ұран болып тұрған «Қазақстан тарихынан» қалай көрегендікпен айтқан сол кездері. Қазір Қазақстан тарихы бүкіл жоғары оқу орындарында оқытылады. Қаншама кітаптар шығып жатыр, — дейді тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Аманжол Күзембайұлы.

Ғалымның ұрпағы Марат Жантөрин оқу орнының ректорын спортзалда жиі кездестіріп жүріпті. Сол кісі кеңестік тарихшының аудиториясын жөндеу қажеттігін айтқан екен. Кейін кабинетке жөндеу жүргізіліп, интерактивті тақта орнатылды. Мұның бәрі – кейінгі ұрпаққа оның қандай ғалым, қандай педагог болғанын көрсету, ізін қалдыру үшін жасалған игі іс.

— Сонымен қатар, әкем тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Студенттер осы аудиторияға кіргенде, әкемнің рухын, еңбегінің аурасын сезінсе дейміз. Әкем үнемі ғылыми жұмыстармен айналысатын. Біз көпбалалы отбасы болдық. Есімде, әкеміз үнемі жазу үстінде отыратын. Әріптестерімен бірлесіп жазған мақалаларына да үлкен жауапкершілікпен қарайтын, — деп еске алады Марат Жантөрин.

Ғалихан Жантөреұлы Қарабалық ауданының №24 ауылында дүниеге келген. Әкесі Жантөре Жүзекейұлы өз заманының көзі ашық оқыған азаматы болған. Қазан қаласындағы медресседе білім алған. Әке көрген оқ жонар дегендей, Ғалихан алдымен ауыл молдасынан білім алған, содан кейін Әулиекөл ауданында Ахмет Байтұрсынұлы бала оқытқан мектепте оқуын жалғастырыпты.

Ғалихан Жантөриннің өз қолымен толтырылған жеке парақ ісінде 1932-1937 жылдары Алматы облысы, Қаскелең ауданында, алдымен кеңшарда, содан кейін аудандық қаржы бөлімінде есепші болып жұмыс істейді. Жас баланың неге Алматы облысында алғашқы еңбек жолын бастады деген сұрақ туындауы мүмкін. Ғалиханның немере ағасы Нұрхан Жүзекейұлының Алаш қозғалысы құрамында болғаны және бұл әулет тәркілеу кезінде тізімге ілініп, байдың әулеті ретінде жер аударылған болуы мүмкін. Ғалихан Жантөриннің қызы Әлияның отбасылық мұрағатында Жантөре Жүзекей ақсақалдың бір туысымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Милютин кеңшарында түскен суреті бар. Қызметі жоғары өрлеген, бір облысты дөңгелете басқаратын жоғары білімді маманды байдың тұқымы деп, әлдекімдердің көрсетуімен аяқтан шалған болу керек. Туыстарының айтуынша, Жантөре бастаған әулет елге 1953 жылдың тамызында оралған.

1937 жылы Ғалихан Жантөрин Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, 1941 жылы орта мектеп мұғалімі мамандығын үздік бітірген соң, туған жерге оралып, Амангелді, Семиозер аудандық партия комитеттерінде, содан кейін Қазақстан компартиясы Қостанай облыстық комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

 «Ғалихан Жантөрин қай жерде жұмыс істесе де, оның бойындағы ерекше қабілеттері байқалмай тұрмайтын. Әсіресе, ол кісінің өз ісіне деген жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, жоғары кәсіби шеберлігі, іскерлігі кімді болсын тәнті ететін», – дейді ол кісіні көзі көрген шәкірті, әріптесі Қостанай педагогикалық институтының бұрынғы ректоры Иван Терновой.

Қостанай педагогикалық институтында ұстаздық қызметі басталып, жаңа қырынан көрінген қайраткер аталмыш оқу орнының Республикамыздағы айтулы білім ордасының қатарына қосылуына елеулі еңбек сіңірді. Білім ордасында жиырма сегіз жыл жұмыс істеді. Марксизм-ленинизм кабинетінің меңгерушісі, сырттай оқу бөлімінің проректоры, КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жоғары оқу орнындағы Қазақ КСР тарихын оқытқын тұңғыш оқытушы-педагог. Ол кезде яғни, 1950 жылдары тарихшы ғалым Е.Бекмаханов пен С.Толыбековтың жазған кітаптарынан басқа оқулық жоқ еді. Ғалихан Жантөрин көп ізденіп, студенттерге халқымыздың тарихы туралы дәріс берді. Сөйтіп, институтта Қазақстан тарихының оқытылуының негізін қалады.

 «Ол кезде Қазақстан тарихы оқу курсы шамамен 20 сағаттық аудиториядан тұратын. Ғалихан аға әрбір оқыған лекциясын шынайы ұлттық сабаққа айналдыратын. Қазақстан тарихы жөнінде алғашқы арнайы біліміміз қалыптасты, 1960 жылдардағы идеологиялық жағдайдағы студенттердің ұлттық тарихи санасын қалыптастырды», — дейді шәкірті философия ғылымдарының докторы, профессор Сафар Қолдыбаев ғалым туралы есіне алып.

Сондай-ақ, ол кісі 1969 жылы Мәскеудегі Ломоносов атындағы университетте «Қазақстан коммунистік партиясының 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезіндегі мал шаруашылығын дамыту жолындағы күресі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Оның бұл диссертациясы Қазақстанның экономикалық тарихын көрсететін бірден-бір еңбек болып саналады. Сол себептен бұл ғылыми еңбектің әлі күнге дейін маңызы зор.

Ғалихан Жантөреұлы «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталды. Ұстаздық еткен жылдар ішінде мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Жас ұрпақтың бойына Отанына, елі мен жеріне сүйіспеншілікті, адамгершілікті, асыл қаситеттерді дарытуды басты назарда ұстады. Оның осындай еңбегі бағаланып, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

1979 жылы қараша айында Ғалихан Жантөрин зейнетке шықса да, институттың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты ретінде мерзімді баспасөзде сан-салалы мақалалары шығып жатты. Қоғамдық жұмыспен айналысты. Мәселен, жазушы жерлесіміз Бейімбет Майлиннің есімі Таран ауданындағы шошқа кеңшарына берілуіне үзіл-кесілді қарсылығы туралы аудан әкімшілігімен жазысқан хаттары сақталған. Қостанай өңірінде айтыс өнерін қолдаған және облыстық «Коммунизм таңы» газеті ұжымы редакциясымен бірлесе жұмыс істеген, араб қарпімен жазылған материалдарды аударуға көмектескен.

Ғалихан Жантөрин Сақыпжамал Дүкейқызымен 1945 жылы отбасын құрып, әулетке «Құтты келін» атанған Сақыпжамал апамызбен бірге Марал, Мирас, Мұрат, Жомарт, Әлия және Марат атты бес ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Ұлағатты ұстаз, ғалым Ғалихан Жантөрин 1990 жылы 13 мамырда дүниеден өтті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Аружан Серік

ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген Василий Васильев