Арқалық жастары республикалық жарыстың жеңімпазы атанды

Арқалық жастары республикалық жарыстың жеңімпазы атанды

Қосшы қаласында «Жан жылуы» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен волейболдан ерлер мен әйелдер арасында өткен республикалық ашық турнирде екі бірдей командамыз жеңімпаз атанды.

Жарысқа еліміздің әр өңірінен командалар қатысып, жоғары деңгейдегі тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ерлер және әйелдер командалары (Жетекшілері — Қанат Қонысбаев) бірінші орынды жеңіп алып, облысымыздың беделін арттырды. Жарысқа ерлер арасында 12 команда, әйелдер арасында 14 команда қатысты.

«Біздің жеңістеріміз көп. Жақында ғана Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары арасында солтүстік аймақ бойынша іріктеу сайысында (Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық) бірінші орынды жеңіп алдық. Таяда Алматы қаласында финалдық ойындар басталады. Бұл білім ордамыздың тарихында алғаш рет болып тұрған жетістік. Енді, командаларымыз шеберліктерін шыңдап алда қаламызда өтетін облыстық спартакиадаға да әзірліктерін бастайтын болады», – дейді Арқалық қаласының волейболдан бас жаттықтырушысы, университеттің құрметті профессоры Қанат Болатұлы.

Спортшыларымызды тамаша жеңістерімен құттықтап, алда да биік асуларды бағындыра беріңіздер демекпіз.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                            Арқалық қаласы