Өңірде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік сабақтар бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр .
Жоба мектептер мен колледждерді қамтып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді. Оны іске асыруға прокуратура және полиция органдарының қызметкерлері мен ардагерлері тәлімгер ретінде тартылған.

Бағдарлама шеңберінде оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған сабақтар өткізіліп, буллинг, кибербуллинг, нашақорлық және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу мәселелері кеңінен түсіндіріледі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді.

«2026 жылғы ақпан айында облыс прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен суицидтердің алдын алуға бағытталған «Бала қорғау — 2026» ведомствоаралық жоспарының жобасын, профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандарға тәлімгерлік жасауға арналған «Тәлімгер» өңірлік жобасын әзірледі. Қостанай қаласында жобаға 2 мектеп – №8 орта мектеп және кешкі мектеп, сондай-ақ 9 колледж енгізілген», – дейді Прокуратураның БАҚ өкілі Нұрсұлу Пряхина.

Кезекті сабақ Қостанай қаласындағы №8 орта мектепте ұйымдастырылды. Сабақты прокуратура органдарының ардагері, құқықтық ағарту жөніндегі тәлімгер Ұлболсын Бақытжанова жүргізді. Іс-шара барысында интерактивті дәрістер, тренингтер мен практикалық тапсырмалар ұйымдастырылып, оқушылардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыру көзделген.

Аталған жоба – жастар арасында заңға құрметті нығайтып, олардың дұрыс құқықтық бағдар қалыптастыруына ықпал ететін маңызды бастама.
БОТА МАНЕТ
