Қостанайда Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай ғылыми-практикалық концеренция өткен болатын. Жиын аясында «Ыбырай мектебі» атты тарихи-танымдық зерттеу еңбегінің таныстырылымы өтті.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мұрасын насихаттауды «AMANAT» партиясы да міндеттері санайды. Кітаптың жарық көруіне мұрындық болған да партия жанынан құрылған «Miras» аймақтық кеңесі мен «Қостанай таңы» газеті.

Партияның «Кітап-AMANAT» жобасы аясында ағартушы туралы шыққан жаңа жинақ оқырманға жол тарты.
Кітап қазақ жерінде алғаш рет ашылған зайырлы оқу орындарының бірі Ыбырай Алтынсарин басшылығымен Қостанай қаласында XIX ғасырдың соңғы ширегінде бой көтерген екі сыныптық орыс-қазақ мектебінің 142 жылдық тарихын баяндайды.

«Мен – осы білім ордасының түлегімін. Осыдан екі жыл бұрын мектебіміздің мерейтойына орай оның тарихына қатысты баяндама әзірлеу мақсатында арнайы материалдар іздестірген едім. Алайда, өкінішке қарай, қажетті деректерді кітапханалардан да, интернет көздерінен де табу оңай болмады. Жұмағазы Бекбосыновтың, Сабыр ағайдың естеліктері және өзіммен бірге оқыған сыныптасым Жангелді Отарбаевтың жазбалары ғана қолжетімді болды. Ал көршілес елдер тәжірибесіне қарасақ, олардың білім ошақтары туралы деректер әлдеқайда жүйелі әрі мол сақталған. Осы жайт бізді терең ойландырды. Шын мәнінде, Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған мектептер қазақ қоғамын рухани тұрғыдан ілгерілеткен, ел басына қиындық түскен кезеңде халыққа бағыт-бағдар берген бірден-бір ағартушылық орталықтар болды. Сол мектептердің арқасында қазақ даласында жаңа буын интеллигенция қалыптасып, олар әлемдік өркениет деңгейіндегі ой-пікірлермен үндесе алды. Осы бағытта біз тарихи деректерді жүйелеуге кірістік. Торғайда, Қостанай өңірінде және солтүстік аймақтарда ашылған алғашқы мектептердің тарихын қарастырдық. Дегенмен нақты деректердің тапшылығы айқын сезілді. Кейін бұл іске жас зерттеуші, магистрант Салтанат Өтелбаеваны тарттым. Біз бірлесе отырып, мектеп тарихын зерттеуді қолға алдық. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде қолда бар материалдарды жинақтап, жүйелеп, «Ыбырай мектебі» атты зерттеу еңбегін жарыққа шығардық. Айта кету керек, бұл кітап – мектеп ғимаратының немесе материалдық базасының тарихы емес. Бұл – адамдардың, тұлғалардың тарихы. Өйткені кез келген білім ордасының шынайы шежіресі – оны қалыптастырған ұстаздар мен түлеп ұшқан шәкірттердің тағдыры арқылы айқындалады», – дейді Аманжол Күзембайұлы.
Ғалым мыңдаған түлектің ішінен кімдерді тұлға ретінде танимыз, кімдердің еңбегі кітапқа енуге лайық деген мәселе туғанын айтады.
«Уақыттың тығыздығы, архив материалдарының жеткіліксіздігі бұл жұмысты толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Біз негізінен жергілікті архив деректерімен шектелдік, өзге елдердегі қорларға бара алмадық. Сондықтан осы мектептің түлектері мен ұстаздарынан түсіністікпен қарауды сұраймын. Барлық тұлғаны қамту мүмкін болмады. Бұл – алдағы уақытта жалғасатын жұмыстың бір бөлігі ғана. Дегенмен бұл бастама – үлкен істің алғашқы қадамы деп білемін. Алда әлі де уақыт бар. Жас зерттеушілер бар, олардың ізденісі жалғасады. Біз бастаған жұмысты кейінгі буын жалғастырып, мектеп тарихын толыққанды ғылыми деңгейде зерделейді деп сенемін», – дейді тарихшы.
Ал ыбырайтанушы Салтанат Өтелбаева өз сөзінде ағартушы мектебінің рухани-мәдени маңызына ерекше назар аударды. Ол Ыбырай қалыптастырған білім беру үлгісі халықтың дүниетанымын жаңғыртып, ұлттық сананың өсуіне ықпал еткенін атап өтті.

«Алғашқы тарауы мектептің Қазан төңкерісіне дейінгі тарихын архив құжаттары негізінде баяндайды. Кеңес үкіметі уақытындағы оның сан қилы тарихы естеліктер негізінде жазылып, мектепті басқарған, онда оқыған тұлғалардың қайғылы тағдыры туралы сыр шертеді. Соңғы тарау тәуелсіздік жылдарындағы мектептің қайта түлеу, өзгерістер мен білім беру саласындағы реформалардың жүзеге асырылуы барысындағы мектеп ұжымының қажырлы еңбегі баяндалады», – дейді Салтанат Өтелбаева.
Конференция аясында өткен тұсаукесер мен ғылыми баяндамалар ұлт ұстазының мұрасын жаңаша зерделеуге жол ашып, ыбырайтану ғылымының көкжиегін кеңейте түсті. Ұлт руханиятының өзегіне айналған ағартушылық идеялардың өміршеңдігін дәлелдейтін маңызды мәдени-ғылыми қадам болды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
