Ақын Ақылбек Шаяхмет республикалық байқауда топ жарды

Ақын Ақылбек Шаяхмет республикалық байқауда топ жарды

Тобыл әдебиетінің қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Таяуда қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Мағауиннің шығармашылық мұрасын арқау еткен республикалық байқау қорытындыланды. Нәтижесіде жеңіс көрнекті ақын Ақылбек Шаяхметке бұйырды.

Рухани іс-шараларға ұйтқы болып, қазақ кітаптарын насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген «Кітап жанашырлары» клубы ұйымдастырған бұл байқауға үміткерлер елдің түкпір-түкпірінен қатысқан. Олар қазақ әдебиетінің қара нары Мұхтар Мағауиннің шығармашылық еңбегін қаншалықты жетік білетінін онлайн режимінде дәлелдеуге тиіс-тін. Екі кезеңнен тұратын сында Ақылбек ағамыздың бәсекелестерінен бәсі басым түсті.

 «Алғашқы кезең Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы, кітаптары, туындыларындағы кейіпкерлер туралы сұрақтар қойылды. Жауабымды жібергеннен кейін айналдырған екі-үш күн ішінде келесі кезеңге өткенім туралы хабар келді. Ал екінші кезеңде «сізге онлайн-сұрақ қоямыз, ойлануға көп уақыт болмайды» деген шарттарын айтты. Бас-аяғы он сұрақ екен – қолма-қол жауап бердім. Мағауинді аз оқымаған адам болған соң сауалдарын қиынсындым дей алмаймын. Осылайша, ұпайым өзгелердікінен басым түссе керек, жеңіс менің еншіме тиді», – дейді Ақылбек Қожаұлы.

Байқау жеңімпазына табысталған сыйлық – Мұхтар Мағауиннің жиырма алты томдық толық шығармалар жинағы. Бұл жүлдені осы клубтың жетекшісі Салтанат Әбдіғали және клуб демеушісі Бақытбек Жұмабек тарту еткен. Көп томдыққа сөресі де, көңілі де толған ақын ағамыз мұны құнды қазынаға балайды.

«Мағауиннің барлық кітабы менде бұған дейін де бар еді. Бірақ кейінгі Шыңғыс хан туралы тетралогиясы, «Алтын Орда» туындысы, бертінде жазған естеліктерінің қолға түскені бір ғанибет болды. Сүйікті жазушымның барлық шығармашылық еңбегінің толық жинағы бұйырып отыр», – дейді байқау жеңімпазы.

Айта кетейік, Ақылбек ағамыздың өзі де Мағауин жазушылық дара тұлғасы, шығармашылық ерекшелігі, адамдық-азаматтық келбеті туралы етжеңді мақалалар жазып, сүбелі сұхбаттар берген жан. Осындай мазмұндағы ой-толғамдарының бірі бірер жыл бұрын «Қостанай таңы» газетінде де жарық көрген еді…