Түркістан қаласындағы Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнирде Қостанай бокс мектебінің тәрбиеленушісі Рамина Маханова алтын медаль иеленіп, чемпион атанды.
Тұғырдың ең жоғарғы сатысына барар жолда ол үш шиеленісті жекпе-жек өткізіп, әрқайсысында сенімді жеңіске жетті.

Осы жарыста Айым Сүттібаева үшінші орынға ие болды. Спортшы екі кездесу өткізіп, лайықты нәтиже көрсетті. Осылайша, облыс қоржынын қола жүлдемен толтырды.
“Бұл спорттық турнирдің маңызы зор, өйткені осы жарыстың қорытындысы бойынша халықаралық аренада ел намысын қорғайтын жастар құрамасы жасақталады. Қыздардың бұл жетістігі — жаттықтырушылар құрамының жүйелі жұмысының нәтижесі”, – дейді спортшылардың жеке жаттықтырушысы — кикбоксингтен Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, бокстан ҚР чемпионы және Азия чемпионатының жүлдегері Руслан Чемурзиев.
Оларды дайындауға Қостанай қаласы БЖСМ-нің тәжірибелі жаттықтырушысы Темірлан Чемурзиев үлкен үлес қосқан.
Жарыс ең мықты боксшылардың басын қосты, олардың арасында Қостанай облысының өкілдері де ерекше көзге түсіп отыр.
Турнирде ұлдар он салмақ дәрежесінде, ал қыздар бес салмақ дәрежесінде бақ сынады. Айта кетейік, биылғы жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Әзірбайжан және Қазақстанның барлық аймақтарынан 252 спортшы қатысты. Оның ішінде 209 ұл мен 43 қыз чемпиондық атақ үшін таласты.
